Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Небәрі екі ай бұрын тағайындалған аудан әкімі Б.Парманов жұмысын алдымен тазалықтан бастағанды жөн көрсе керек. Бүгінде аудан орталығы мен бірқатар ауылдарда сенбіліктер өтіп, көгалдандыру жұмыстары қолға алынып отыр.
Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ауданында туризмді дамыту мақсатында, ауданға кіреберіс қақпаны абаттандыру, көркейту жұмыстарына аудан бюджетінен 19 миллион 400 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда жұмыстар тиянақты орындалуда.
Төлеби ауданы Екпінді ауылы Т.Назарбеков көшесінің тұрғындарының өтінішіне сәйкес, аудан басшысының бастамасымен Біркөлік және Ақмешіт шатқалдарына баратын Екпінді елді мекен жолдарын кеңейту, жарықтандыру, жолаяқ салу, абаттандыру және көркейту жұмыстарының жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 10 млн теңге бөлініп отыр.
Жолдың бойындағы ретсіз өскен ағаштар кесіліп, жол жиектері кеңейтіліп жатыр. Келіп демалушыларға қолайлы болу үшін гүлзарлар мен орындықтар орнату жұмыстары қолға алынуда.
Бұл жұмыстарды ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар және аудандық көпсалалы коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары атқаруда.
Айта кетейік, жуырда ғана тағайындалған ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев та алғашқы жиындарының бірін Шымкенттің тазалығы мен қаланы көгалдандыру мәселесіне арнаған болатын.