$ 448.15  483.46  4.86

Жастарға қамқорлық – жарқын келешек кiлтi

Ел болашағының жарқын болуы бүгiнгi жастардың бiлiмдi, бiлiктi маман болуына байланысты. Елбасы «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында жастарға жасалатын қамқорлық пен ұсынылатын мүмкiндiктерге басымдық берген. Бұл мүмкiндiктердi аймақтағы жастар, өңiр өрендерi қалай пайдаланып жүр? Оңтүстiк Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқармасының басшысы Болат ЖанӘбiл мырзамен сұхбатымыз осы төңiректе өрбiдi.

– Болат Серiкұлы, өзiңiз басқарып отырған басқарма негiзгi мiндеттерiн қаншалықты жүзеге асыра алуда?

– Бiздiң негiзгi мiндетiмiз — мемлекеттiк жастар саясатын жүзеге асыру. Осы мақсатта басқарма жанынан Жастар ресурстық орталығы ашылып, барлық аудан, қалаларда оның филиалдары жұмыс iстеуде. Бүгiнгi таңда басқармадағы екi бөлiмде 12 мемлекеттiк қызметкер,  облыстық Жастар ресурстық орталығында 33 қызметкер осы мiндеттердi жүзеге асыруға жұмыла еңбек етуде.

Былтыр жаңа ғимаратқа қоныстандық. Бұрынғы ғимаратымыз С.Сейфуллин атындағы кинотеатр биыл күрделi жөндеуден өткiзiлiп, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, Тәуелсiздiк күнiне орай жастар игiлiгiне берiлмек. Жөндеу жұмыстарына мемлекеттен 133 миллион теңге бөлiндi. Бұл мемлекеттiң жастар саясатына үлкен мән берiп отырғанын аңғартса керек. Себебi, жастарға қамқорлық – баянды болашағымыздың кепiлi.

Жастар басқармасына тиесiлi мұндай ғимараттар тек облыс орталығында ғана емес, бiрнеше ауданда бар. Атап айтсақ, Бәйдiбек ауданында «Жастар сарайының» ғимараты басыбүтiн жастарға берiлген.

Созақ, Ордабасы аудандары мен Кентау қаласының әкiмдiктерi аудан орталығында бос тұрған ескi мәдениет үйлерi мен кинотеатрлардың ғимаратын мемлекет меншiгiне алып, күрделi жөндеуден өткiзiп, «Жастар сарайы» ғимараты етiп ашып отыр. Шымкент қаласының әкiмдiгi тарапынан бұрынғы «Фосфоршылар» мәдениет сарайының ғимаратын жастар игiлiгiне беру мүмкiндiгi қарастырылуда.

Алайда, кемшiлiктер де жоқ емес. Мысалы, Арыс, Түркiстан қалалары мен Түлкiбас, Сарыағаш, Қазығұрт, Шардара, Сайрам, Төлеби, Мақтаарал аудандарында жергiлiктi билiк тарапынан жастарды қолдауға жете көңiл бөлiнбей келедi. Жастар ресурстық орталықтарына жеке ғимарат беру, оларды материалдық жабдықтармен қамтамасыз ету өз деңгейiнде емес. Яғни жастар орталықтары орынды жалға алуға мәжбүр.                                                                                       

– «Жастар корпусын дамыту» жобасы қолға алынады деген жақсы хабар бар. Жобаның ерекшелiгi неде?

– Елбасымыз 2016 жылғы 18 ақпанда «Жастар корпусын дамыту жобасы бойынша келiсiмдi ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. Осы жобаны iске асыру үшiн пилоттық өңiрлер ретiнде Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстiк Қазақстан облыстары айқындалған болатын. Дүниежүзiлiк банктiң швейцариялық траст қоры қаражатының есебiнен елiмiздiң осы төрт өңiрiнде ауыл жастарын қолдау жобаларын қаржыландыру туралы «Жастар корпусын дамыту» бойынша 2017—2018 жылдарға 21 миллион 763 мың АҚШ доллары көлемiнде өтеусiз грант бөлiнiп отыр. 

Жастарды, әсiресе, жұмыссыз, мүгедек және әлеуметтiк әлсiз топтардан шыққан жастарды қоғам өмiрiне тарту аталған жобаның негiзгi мақсаттарының бiрi болып табылады. Сондай-ақ, қоғамдық пайдалы қызмет түрлерi бойынша мамандығын қайта оқыту арқылы жастардың бойындағы өмiрлiк маңызы бар  дағдыларды дамыту үшiн де жобаның рөлi жоғары.

Бұл бағыттағы жұмыстар жобаны үйлестiрушi Қазақстан Республикасының Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгiмен бiрлесiп атқарылатын болады. 

– Жастардың басым бөлiгi – студенттер. Басқарма олардың мұқтажын шешуге қаншалықты үлес қосуда?

– Жоғары оқу орындарында студенттердi жатақханамен қамтамасыз ету – күрделi мәселелердiң бiрi. Жатақханаларда 6203 студент тұрады. Жоғары оқу орындарында оқитын 45 мыңға жуық студент үшiн бұл көрсеткiш 13,8%-ды құрайды. Облыс бойынша 12 жоғары оқу орнында 23 жатақхана бар. Тек «Мирас» университетiнде студенттерге жатақхана қарастырылмаған.

Облыстағы  жоғары оқу орындарының

10-ы және колледждердiң 38-i Шымкент қаласында орналасқан. Оларда 90 мыңға жуық студент бiлiм алуда.

2015 жылы «Жасыл ел»  еңбек маусымына облыс бойынша   1000 жас тартылған болса, 2016 жылдың соңына дейiн 1700 жас еңбек маусымында жазғы демалысын тиiмдi пайдалану мақсатында көгалдандыру, көрiктендiру  жұмыстарымен қамтылды.  Биыл 5-7 мамыр  аралығында  Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiмен бiрлесiп «Жасыл ел» еңбек жасағы республикалық штабы XII республикалық еңбек маусымының ашылу салтанаты Төлеби ауданындағы «Alma-Tau» демалыс аймағында өттi.

2016 жылы студенттiк құрылыс жасақтарына 500 жасты тарту жоспарланып, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң құрылыс мамандығында бiлiм алатын 360 студент құрылыс жұмыстарына араласты. Ауылдарда салынып жатқан әлеуметтiк нысандардың құрылысына  жұмыссыз 140 жас тартылды. Олардың орташа айлық жалақылары 55-60 мың теңгенi құрады.

Басқарма құрылғалы берi көршi Өзбекстан, Қырғызстан елдерi мен Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстарының жастарымен тығыз байланыс орнатуды қолға алған.

Сондай-ақ, бүкiл түркi жұртының орталығы саналатын  Түркiстан қаласында әлемдегi түркiтiлдес елдер жастарының басын қосатын арнайы жоба әзiрлеудi жоспарлап отырмыз. 

Облыстың Шымкент, Түркiстан қалалары әлемнiң көптеген елдерiнiң қалаларымен әлеуметтiк-мәдени және экономикалық байланысты нығайту мақсатында бауырлас қалалар болып табылады.

Салауатты өмiр салтын қалыптастыру, нашақорлық пен жаман әдеттердiң алдын алу бағытында басқарма тарапынан бiрқатар жұмыстар атқарылуда.

Сонымен қатар, жалпы бiлiм беретiн 1022 мектепте 908 спорт зал оқушыларға қызмет көрсетсе, оның iшiнде 772 спорт залда жергiлiктi тұрғындар үшiн қолжетiмдi жағдай жасалған. Сабақтан тыс уақыттарда кешкi сағат 19.00—22.00-ге дейiн ауыл жастары спортпен шұғылдануда.

Сондай-ақ, барлық аудан, қалаларға көше спортын дамыту бойынша ұсыныстар берiлдi. Қазiргi таңда Шымкент қаласында 7 алаңша жастарға қызмет көрсетуде. Бұл бағытта «XIII legion» жастар қозғалысы мен «BASQAZHOL» жастар ұйымының белсендi жастарын атап өтуге болады. 2016 жылғы қазан-қараша айларында 2 әлеуметтiк жоба «ШымкентФест» және «Street Workout» ұйымдастырылды.

– Өңiр жастары «Серпiн – 2050» бағдарламасы бойынша солтүстiк және шығыс аймақтарға оқуға аттанған. Бұл бағдарлама жалғасын таба ма?

– Әрине, бұл бағдарлама әлi жалғасын табады. «Серпiн—2050» жобасы бойынша 5 000-нан аса жас бiлiм алуда. Атап айтар болсақ, жоғары оқу орындарында – 4 740, колледждерде – 992.

2016 жылға солтүстiк және шығыс өңiрдегi 9 облыстың 22 жоғары оқу орнынан 3162 республикалық грант, 30 колледжге 1000 грант бөлiнген болатын. Бiздiң облыстан биыл 1500 жас сол гранттарды ұтып алды.

Бұл жобаға Оңтүстiк жастары қатты қызығушылық танытып отыр. Биыл «Серпiн» жобасына ынта бiлдiрген жастар саны 10 мыңнан асып жығылды, бөлiнген грант саны 3 мың ғана. Сондай-ақ, аталған жобаға қала жастарының қатысуына биыл шектеу қойылды. Осы себептi басқарма тарапынан Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiне гранттар санын ұлғайту мен қала жастарына қатысуға мүмкiндiк беру қажеттiгi туралы ұсыныс жiбердiк.

–  «Оқуға әркiмнiң-ақ бар таласы...». Десек те, оқуын тәмамдап, қолына дипломын алған жас мамандарды жұмыспен қамту жайы қалай?

– Қазiр елiмiзде мемлекеттiк қызметте сатылай өсу дәстүрi қолға алынған, яғни «Меритократия» қағидасы бойынша бiлiктi мамандарды тауып, оларға қолдау көрсету жолға қойылып келедi. Биыл облысымыздағы жоғары оқу орындарын үздiк бiтiрген мемлекеттiк қызметке ынтасы бар 70 жас түлек «Алтын қор» кадрлар резервiне алынды.

Облыстық жұмыспен қамту басқармасының мәлiметiне сәйкес, 1 желтоқсанға дейiн жастар практикасын ұйымдастыру бойынша 1543 жұмыс берушiмен келiсiмшарт түзiлiп, 5 135 жас жұмыспен қамтылды. Жастар практикасын мерзiмiнен бұрын аяқтаған 3650 жастың 2183-i тұрақты жұмысқа орналасқан. Биыл 8 263 адамды ақылы қоғамдық жұмысқа тарту жоспарланған. 2016 жылдың 3-тоқсанында статистикалық есептер нәтижесiнде облыстағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейi 3,5 пайызды құраған.

Аудан, қала әкiмдiктерi тарапынан «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының үшiншi бағыты бойынша 2012—2015 жыл аралығында Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан көпқабатты 6 тұрғын үйге 480 отбасы қоныстанды. Оның 347-сi – жетiм және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жасөспiрiмдер (95-i – аудандардан, 252 отбасы – Шымкент қаласынан).

2015 жылы 292 жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етiлсе,  2016 жылы кезекте тұрған 1388 жас отбасының 217-сiн баспаналы ету көзделуде.

Бiзде жастар кәсiпкерлiгiн дамытуға да мейлiнше қолдау көрсетiлуде. «Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығының» мәлiметiне сүйенсек, 2016 жылдың басынан берi облыс бойынша 1865 жас Кәсiпкерлер мектебiнiң оқуына қатысқан.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Ерболат АЙНАБЕКОВ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары