Қазіргі заманда екінің бірі дәрумен ішуді әдетке айналдырды. Бірақ біз дәруменді дұрыс қабылдап жүрміз бе?
«Қандай витамин ішуім керек?» деп дәрігерге арнайылап бармайтынымыз рас. Оның үстіне косметикасымен танымал компаниялар бүгінде түрлі-түсті дәрумен шығаруды мықтап қолға алды. Олардың пайдасы бар ма өзі?
Дәруменнің жетіспейтінін қалай білеміз?
Дәрумендер адам ағзасына негізінен тағам арқылы түсіп, қалыпты физиологиялық қызметін реттеп тұрады. Қазір экология әсерінен әрі құнарлы ас ішпеуден дәрумен жетіспеушілігі көп адамда бар. Сондықтан ағзадағы минералды электролиттер қорын толықтыру маңызды. Егер ол жетіспесе, зат алмасу қызметі бұзылады.
Ағзадағы витамин жетіспеушілігінің 3 түрі бар. Алғашқысы, қалыптыдан төменгі деңгей. Тамақтану рационы бұзылғанда, орташа және ауыр ағымдағы аурумен науқастанғанда байқалады. Екінші, гиповитаминоз кезінде ағзаға кейбір дәруменнің жетіспеуі анық байқалады, бірақ қоры сақталады. Ал, үшінші авитаминоз кезінде кейбір түрлері мүлде жоқ болады. Айталық, В немесе Д дәруменінің мүлде жоқ болуы. Бұл ұзақ уақыт тамақтану режимі бұзылғанда, қатаң диета сақтағанда немесе созылмалы аурулармен ауырғаннан кейін кездеседі.
Егер өзіңізден жиі әлсіздік байқалып, салмақ тастасаңыз, есте сақтау қабілеті төмендеп, көп мазасызданып, ашуланатын болсаңыз, бірден дәрігерге көрінген дұрыс. Бастың жиі ауыруы, жедел-респираторлы аурулармен ауыра беру, терінің құрғауы, шаш, тырнақтың сынғыштығы да – дәрумен жетіспеуінің клиникалық белгілері.
Витаминдер химиялық құрылымына байланысты майда еритін (А, Д, Е, К) және суда еритіндер (В1, В6, В2, В12, В3, В5, В7, В9, С) болып 2 топқа бөлінеді.
Суда еритін витаминдер ағзада жинақталмайды. Сондықтан оны күнделікті қабылдау қажет. Олар жеміс, көкөністерде, дәнді-дақылдарда болады. Ал, майда еритін витамин бауырда және май тінінде ұзақ уақытқа жинақталады. Олар көкөністерде, өсімдік майы, балық майы мен уылдырық құрамында болады.
Артық қылам деп…
Дәріханаға барып, қалаған дәруменін сатып алатындар алдымен мынаны ескеруі қажет. Егер ағзада кейбір витамин қалыпты мөлшерде болып, бірақ оның үстіне тағы сол дәруменді қабылдасақ, гипервитаминозға шалдығамыз. Артық қабылдау басқа ауруларды туындатып, асқындыруы мүмкін. Сондай-ақ, кешенді витаминдер ағзаға нақты керек витаминді де толық жеткізе алмайды. Қазір компаниялар дәрумендер мен тамаққа қосымша биологиялық активті өнімдерді шығара бастады. Мұндай өнімдерді қабылдағанша, дәлелді базасы бар дәріханалық дәрумендерді қабылдаған әлдеқайда қауіпсіз.
Егер адам майда еритін витаминдерді шамадан тыс қолданатын болса, олар ағзада жиналып, токсикалық әсер көрсетеді. Екіншісі, қауіпсіздік. Витаминдер қолданысқа және сатуға шығарылған кезде ешкім оның құрамын тексермейді. Себебі, Америкада дәрілер қауіпсіздікке тексерілгенімен, витаминдер тексерілмейді. Олар дәрілік топқа кірмейді. Ал, қораптың сыртындағы natural деген жазу оның ішінде табиғи витамин бар екенін дәлелдемейді. Үшінші, олардың құрамында таза витамин болмайды. Целлюлоза, дәмі жағымды болуы үшін неше түрлі дәмдеуіштер мен бояғыштар да қосылады.
Сондықтан ең дұрысы дәрігерге көрініп, нақты қай дәруменнің жетіспейтінін анықтап алғаннан кейін ғана, қажетті мөлшерде пайдалану керек.
Айтпақшы, бала күннен дәріханаға бара қалсақ, «қанымызды көбейтетін» гематоген алу әдетке айналған. Мамандар, расында да гематогеннің құрамында темір барын, қан айналымын реттеп тұратынын айтады. Ал, көпшілік жиі пайдаланатын С витамині антиоксидант организмді сыртқы факторлардан қорғайды. Екеуін де күнделікті қабылдаудың зияны жоқ, бірақ шектен тыс мөлшерде болмауы керек.