$ 494.87  520.65  4.91

«Сібір қазақтарын басқару туралы» жарғыны кім жазды?

Бұл заңды құжаттар қазақ қоғамын табиғи даму жолынан тайдыруға бағытталды.
Фото: e-history.kz
Фото: e-history.kz

Қазақ тарихын зерттеушілер өткен XVI-XX ғасырларда халқымыз әуелі патшалық Ресейдің кейін Кеңес одағының отарында болғанын біледі. Осы орайда «Отарлау дегеніміз не?» дегенге тоқталсақ: күшті державалар әлсіз халықтарды күш қолдану арқылы бағындырып, олардың байлығын, жерін иеленіп қана қоймай, отарланушы елдің әкімшілік басқару жүйесін түбегейлі өзгертудің нәтижесінде толық үстемдік орнатуын айтады. Яғни, аталмыш процесті ғылыми негізде түсіндірер болсақ, отарлау саясаты – әскери күш қолдану арқылы жүзеге асатын, әрі отарланушы елді саяси һәм экономикалық кіріптарлыққа ұшырататын өте қатерлі құбылыс, яғни әлсіз халықтарды құлға айналдыру немесе жойып жіберу саясаты (ҚСЭ., 8-том – Алматы, 1976 ж.  – 612-б).

Жоғарыда айтылғандай, отарлаушылар ХІХ ғасырдың басынан бастап қазақтың байырғы әкімшілік-құқықтық жүйесін бұзу үшін алдымен жарғы-ережелер (1822. 1867-1868. 1886-1891) қабылдады. Бұл заңды құжаттар қазақ қоғамын табиғи даму жолынан тайдыруға бағытталды. Әсіресе, ежелгі қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік институттарды күйретті. (Қазақ қоғамында: Төрелер немесе хандар. Билер немесе ақсақалдар. Бәйбішелер. Батырлар. Молда немесе қожалар. Ақын және жыраулар. Елшілер т.б. институзиацияылары болған). 

Яғни, Орта жүзде 1817 жылы Бөкей ханның, 1819 жылы Уәли ханның дүние салуы себепті Ресей патшалығына қазақ даласындағы хандықты түпкілікті жою мүмкіндігі туып, оны іс жүзінде жүзеге асыруға кірісті. Патша сарайының бұл бағытта жүргізген шаралары, атап айтқанда, қазақ даласын тікелей басқаратын болашақ аппараттың құрылымы, формасы мен құрамына байланысты мәселелер болды. Бұл іс 1822 жылы ғана М. М. Сперанскийдің бастамасымен бір жүйеге келтірілген, 320 бап-тармақтан тұратын «Сібір қазақтарын басқару туралы» жарғысын қабылдатумен аяқталады.1822 жылғы 22 шілде күні Сібір губернаторы М.М.Сперанскийдің ұсынуымен патша ағзам Александр І қабылданған бұл құжат: қазақ елінің байырғы басқару құрылымы мен мемлекеттілік біртұтас жүйесін бұзып, орыстың империялық мүддесін іске асыруға бағытталған дүние-тін. Сөйтіп, бұл құжат тарихта «Сперанский жарғысы» деген атпен қалды.

Михаил Михаилович Сперанский 1772 жылы граф әулетінде туған. Ресей империясының күшеюіне көп еңбек сіңірген адам. Әсіресе, алғаш рет империяның сыртқы істер, әскери, теңіз, ішкі істер, қаржы, заң-құқық министрліктерін және екі сатылы сенат, полиция департаменттерін біріктіріп Министрлер кеңесін құрған адам. Патшаға жақпай қалып, алыс-шалғай Пенза губерниясын басқаруға бес жылға жіберілген. Мерзімі аяқталған соң 1819 жылы Сібір губерниясының губернаторы қызметіне тағайындалып, Тобылға келген. 1820 жылы өзі басқарған губернияның тірек қалалары-Омбы-Том-Үркіт-Чита-Нерчин-Барнаул-Семей бағытында күллі елді аралап бір жарым жыл жүреді. Осы сапарында ол қарапайым инженер, отыз жастағы Гавриил Степанович Батеньковты жолықтырып, оның ұсынысымен бұратаналарды басқарудың империялық жаңа үлгісін қолға алуды жоспарлайды. 

Гавриил Степанович Батеньков орыс армиясының офицері Степанович Батеньковтың 20-шы ұлы екен. Анасынан өлі туып, табытқа сала бергенде жан бітіп, содан өте зерек болып өседі. 1810 жылы Петербордағы артиллерия инженерін дайындайтын кадет корпусында оқып, оны үздік аяқтайды. 1812-1814 жылдары Наполеонға қарсы соғысқа қатысып, 18 рет жараланады. Осының бірінде жолдастары оны өлді деп ойлап, көрге салып жатқанда қайта тіріліп кетеді.

1816 жылы Петербордағы жол қатынастары инженерін дайындайтын оқуға түсіп, оны бітірген соң Сібір губерниясында әртүрлі қызметтер атқарады. Осы кезде губернатор Сперанскиймен танысады.1821 жылдың басында Сібір губернаторы Сперанский қасына «ақылшысы» Батеньковты еріп алып Тобылдан Петерборға аттанады. Орал тауынан Тынық мұхитқа дейін созылып жатқан Сібір губерниясын Батыс Сібір және Шығыс Сібір деп екі губернияға бөліп, бірінің орталығы – Тобыл, екіншісінің орталығы – Үркіт (Иркутск) болуы ләзім деген жоспарын патшаға ұсынады. Одан кейін Батыс Сібір губерниясының өзін ресейлік территория және қазақ даласы деп екі тарапқа бөліп, қазақ даласын басқарудың империялық әкімшілік нұсқасы қажет дегенді айтады. Нәтижесінде Сібір қазақтарын басқару туралы (шын мәнінде Орта жүз қазақтарын басқару) жарғыны жазуды «ақылы көп», жоғарыдағы Батеньковқа жүктейді. Осылай жазылған жарғыны Сперанский патшаға алып барып, әр бабын түсіндіріп, дәлелдеп мақұлдатады. Сөйтіп, қазақ даласын әкімшілік отарлаудың жарғысы дүниеге келген. Бір қызығы, 1825 жылы Батеньков Петерборда желтоқсаншылар қозғалысына қатысып, 20 жылға сотталады. Ол Петропавл қаласында 22 жылын түрмеде өткізеді. Патшаға қарсы шығу себепті оның аты тарихтан толық өшіріліп, жоғарыдағы құжат тарихта «Сперанский жарғысы» деген атпен қалып қойды. Осы Сперанскийдің «Сібір қазақтарын басқару туралы» ережемен танысқан Шоқан Уәлиханов:

Бұл заң 1824 жылдан бастап қазақ даласына да қолданылды. Өзіндік әдет-ғұрпы, ой-тірлігі бар көшпелі сауатсыз халық аты-жөні жоқ, күтпеген жерден толып жатқан сатылы басшылық пен олардың көп бөлікті бағынышты тармақтары, түрлі атаулы сатысы бар бюрократтық орталыққа бағынды. Бұл әкімшілік жүйе осыған дейін қазақ былай тұрсын, орысқа да түсініксіз (Шоқан Уәлиханов таңдамалы. Алматы, «Жазушы». 1985 ж. 129-б) - деп ереженің тек отарлау бағытында ешқандай қазақ қауымымен санаспай жасалған, шикі дүние екенін ашық айтады.

Расында бұл жарғыдан кейін қазақ қоғамының дәстүрлі өмір сүру салты бұзылды. Былайша айтқанда, көшпелі қазақтар ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи бейімімен емес, отаршылар зорлап таңған заңға бой ұсынды. 

Профессор Тұрсынбек Кәкішев өзінің «Алақандай бет қағаз, табынарсың мандатқа» атты шағын жазбасында:

1822 жылғы жарлық хандықты жойып, жіктелуге ыңғайлы тұрған елді өлке, облыс, округтерге бөліп, бұрынғы династиялық жүйенің орнына сайлама дәрежелерді шығарды. Төреден айырылған ел «қарадан шығып хан болған» аға сұлтандарды мақтан тұтып, қолына теңдік тигендей сезіне бастағанда, болыстық сайлауды енгізіп, ағайын арасының араздығын қоздатты. Міне, осы тұста елдік мақсат аяқ асты болып, рулық аталық түсінік күшейді, - дейді. 

1823 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Омбы қаласына жақын аймақтардағы сұлтандардың басын қосып, 1822 жылғы Жарғының мазмұны туралы түсініктеме беріп, істелініп жатқан әрекеттер тек қана «Қырғыз Ордасының игілігі мен пайдасы үшін» деген желеумен өздерінің негізгі көздеген мақсаттарын бүркемелеп қалуға тырысты. Қазақ даласына да «Жарғыны» түсіндіретін бригадалар құрылып, олар әр аймақтарға жіберілді.

Бөкей хан иелігіндегі жерге Омбы облыстық басқармасының бастығы Броневский бастаған отряды шықса, Уәли хан иелігіндегі жерге облыстық басқарманың төрағасы полковник Григоровский бастаған отряд қазақ даласына бет алады. Бұлардың сыртында жарғыны қазақтарға тиімді етіп көрсету үшін халық арасына татар молда-тыңшылар жіберілді. Оларға «орыс ұсынған әкімшілік жүйенің» пайдалы екенін қазақтарға түсіндіру міндеті жүктелді. Бұларға көмектесу үшін шағын орыс-казак жасағы еріп жүрді (Коншин. Павлодардан Қарқаралыға дейін. // Қазақ этнографиясы бойынша жазылған еңбектер. Павлодар. 2005. 89-б).

Отарлаушылардың бұлайша жік-жапар болуына негізі себеп, қазақ қоғамының әуелі жоғарыдағы жарғыны қабылдамай, қарсылық таныта бастауы еді. Мысалы, найман елінің сыбан тайпасына қарасты бес рулы ел 1824 жылдың қыркүйек айындағы Ресей үкіметіне былай деп жазған: 

Жайлау-қыстауларымызды, тұрып жатқан жерімізді өз қарамағымызда мәңгілікке қалдырыңыз;

Балаларымыздан, әйелдеріміз және қызметкерлерден салық алмау. Егер салық төлеу міндеттелген болса, онда тек аз мөлшерге ғана, мысалы, әр 25 түтін үйге бір түлкіден;

Жаман қылықтардың алдын алу үшін ішімдік ішетін үйлер ашылуына жол бермеу;

Әскерді бізге қарай жібермеу, оларды нанның жоқтығынан тамақтандыра алмаймыз;

Қылмыс жасағандарды соттауды мұсылмандық танымымызға сай өзіміздің қолымызға беру. Оған генерал-губернатордан өзге араласуға ешкімнің құқығы болмасын;

Біздің аймақтағы адамдарды басқа волосқа қызметке жібермеу (Ералы Тоғжанов, Заң газеті. 10.06.95).

Жарғының қазақ қоғамына келтірген  зардабы жайлы атақты Жанақ  ақын Сағындықұлы:

Асқар тауды бұлт басып, мұнар алып,

Теріскей тебіні жоқ ел болған кез.

Ханнан қайрат, байынан қайыр кетіп,

Телміріп теңдігі жоқ ел болған кез... - деп бір шумақ жырмен түйіндесе, оқымысты ғалым Шоқан Уәлиханов жарғыда негізделген әкімшілік реформалар жайында «бұл мәселе терең ойды, байыпты тұжымды қажет етеді, өйткені, халықтың «өмір сүруі, сүрмеуі» осыған байланысты», - деген тұжырым айтады (Шоқан Уәлиханов таңдамалы. Алматы, «Жазушы». 1985 ж. 126-б). 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары