$ 447.4  477.55  4.76

ОҚО-да ерлі-зайыптыларды өлтірді деген күдікпен 25 жастағы жігіт ұсталды

ОҚО-ның Мақтарал ауданында осыдан бір ай бұрын ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған болатын. Азаппен өлтірілген әйел мен ер азаматтың денелерін көше бойынан Алмалы ауылының тұрғындары тауып алған. Бір айға жуық уақытқа созылған іздеу шаралары кеше ғана нәтижесін беріп, полицейлер 1991 жылы туған күдіктіні қолға түсірді деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

Оқиға орнына жеткен полицейлер марқұмдарды балталап өлтіруі мүмкін деген болжам жасаған еді. Кейін бұл болжамды сот-медициналық сараптама растады. 1958 жылғы ер азамат пен 1966 жылғы әйелдің ерлі-зайыпты болғандары да расталып отыр. Екеуі де Мақтарал ауданының тұрғыны ретінде тіркелген.

Полицейлер күдіктінің кім екенін бірден анықтағанымен, оны ұстауға бір айға жуық уақыт кеткенін айтып отыр. Ұсталған 25 жастағы жігіт еш жерде жұмыс істемейді. Айғақ зат ретінде одан балта тәркіленіпті.

Тергеу ісінің құпия жүруіне байланысты полицейлер қылмыстың мән-жайын айтпай отыр. Күдікті қамауға алынып, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары