Еліміздің Әділет министрі Қанат Бекетаев мәйітханалардың аздығын айтып шағымданды. Оның сөзінше, әкімдер жаңа мәйітхана салуға мүлдем құлықсыз көрінеді.
"Жуырда ғана сот-медициналық сараптама Әділет министрлігінің құзырына өтті. Соңғы кезде жаңа үйлерге, ауруханаларға қаржы қыруар бөлініп жатыр. Алайда, жаңа мәйітхана салуға ақша мүлдем аз бөлінуде. Тіпті, бұл мәселеге назар аударылмай да қалды, бірақ, бқл өте маңызды, әсіресе ірі қалаларда", - деді министр бүгінгі Үкімет отырысы барысында.
Ол сондай-ақ, ірі қалалардың басшылары осынау мәселені назардан тыс қалдырмауды сұрады.
"Мен бұл мәселені шешуге жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруды әкімдерден сұраймын. Тіпті, республикалық бюджетке тапсырыс берсін", - дейді министр.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болса иәйітхана салу мәселесін Әділет министрлігімен бірлесе шешетінін айтып, уәдесін берді.