Бүркіт, Бейбіт Қорған және "Сұңқар" тобының солисті Тастан Асылбек көліктерінің салығын төлеуден жалтарып жүр. Олардың аты-жөндері Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің әзірлеген борышкерлер тізіміне еніп отыр.
Жалпы, аталған тізімде барлығы 250 мыңдай жеке тұлғаның есімі жазылған. Олар көлік, жер немесе мүлік салығын төлемеген. Қарыздың жалпы көлемі 7 млрд теңгені құрайды.
"Тізімде отандық эстраданың жұлдыздары да бар. Мәселен, әнші Бейбіт Қорған көлігінің салығын төлемеген, қарызы – 178 614 теңге. Әнші Бүркіт (Вйбек Жансейітов) 151 279 теңге қарыз, "Сұңқар" тобының солисті Тастан Асылбек 17 960 теңге қарыз", – дейді Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері.
Борышкерлердің тұрғылықты мекен-жайларына қарызды төлеу керектігі жайында алдын ала ескертулер жіберіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі парақшаларына, электронды пошталарына да хабарлама жолданады. Мамандардың айтуынша, мүлік салығын төлеу уақыты 31 қазанда, көлік салығын төлеу 31 желтоқсанда аяқталады.