Павлодар облысында 2 мыңнан астам үй су басу қаупі бар аймақта орналасқан. Бұл туралы облыстық ТЖД басшысы Әлібек Длимов мәлімдеді деп хабарлайды "Sputnik Казахстан".
Оның айтуынша, 49 елдімекенде орналасқан 2126 үй күн күрт жылынса су астында қалуы мүмкін. Бұл үйлерде барлығы 9 мыңнан аса адам тұрады. Сондықтан қазір құтқарушылар адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға дайындалып жатыр. Ол үшін уақытша күнелтетін 154 орталық әзірленді.
Қар қалыңдығы қазір өңірде орта есеппен 27 сантиметрді құрайды. Қалыпты жағдайда ол 17 сантиметр болуы тиіс дейді мамандар. Қазір ТЖД қызметкерлері мен коммуналды қызмет көрсетушілер құбырлар мен арықтарды тазалап, елдімекендерден қарды шығарып жатыр. Сонымен қатар, бөгеттер де орнатылуда.
Құтқарушылардың болжамынша, наурыз айының соңы мен сәуір айының алғашқы онкүндігінде өңірде қар ери бастайды. Ал, 10 сәуірден 1 мамыр аралығында су тасып, біраз қиындықтар туғызуы мүмкін. Тасқын сумен күресуге құтқарушылар, полицейлер, Ұлттық гвардияның сарбаздары, коммуналды қызмет көрсетушілер - барлығы мыңға жуық адам жұмылады. Бүгінде 450 дана техника сақадай сай тұр. Олардың қатарында қайықтар, 29 мотопомпа, 37 су сорғыш станция және өзге де құрылғылар бар.