$ 498.34  519.72  4.85

Қарағандылық мұғалімдер қағазды өз ақшаларына сатып алып, жөндеу жұмыстарына ата-аналардан ақша жинауға мәжбүр

Қарағанды облысының су жаңа әкімі Ерлан Қошанов облыс орталығындағы №23 орта мектепке барып, мұғалімдердің жай-күйімен танысып қайтты. Өңір басшысымен мұндай кездесуді күтпеген педагогтар болса қымсынбай, мектептегі бар проблеманы жайып салды.

Мәселен, оқу ордасында қағаз жетіспеушілігі үлкен проблемаға айналған көрінеді. Салдарынан, мұғалімдер өз ақшаларына қағаз сатып алуға мәжбүр.

"Әрбір бақылау жұмысы мен өзіндік жұмысын жаздырар кезде мұғалімдер өз ақшаларына қағаз сатып алып, тапсырмаларды шығарып береді. Әрбір оқушыға жеке портфолио арнауға мәжбүр. Бір тоқсанда қағазға шамамен 15 000 теңге жұмсалады екен. Бюджетте бұл шығын қарастырылмаған. Мұғалімдер өз ақшаларына сатып алады немесе ата-аналардан көмек сұрайды", - дейді аталған сапар туралы ақпарат беген облыс әкімдігінің қызметкерлері.

Облыс әкімі болса білім беру басқармасының басшыларына жағдайды бақылауға алып, мұғалімдер қалтасынан артық шығын шығармауды қатаң тапсырды.

"Айтыңыздаршы, сіздер білім басқармасының басшылары ретінде осыны дұрыс деп есептейсіздер ме? Бұл мемлекеттік мекеме, мұғалімдердің жалақылары онсыз да тым аз. Олар тағы қағаз сатып алулары керек пе?", - деп сөкті Е.Қошанов басқарма басшылығын.

Мектеп басшыларының да шағымы жиналып қалыпты. Олар өңір басшысына ескірген еңбек станоктары мен мұғалімдердің жәрдемақысына қатысты мәселелерді көтерді. Айтуларынша, оқу ордасындағы станоктар 1999 жылы сатып алынған екен. Содан бері еңбек кабинеті жаңармаған.

Әкім сондай-ақ, төбесі тесіліп, суы сорғалаған кабинеттерді де аралап көрді. Мұғалімдер мен ата-аналар өз ақшаларына жөндеу жұмыстарын жүргізеді екен. Бюджеттен бөлінетін қаражат тек ғимаратты "ұстап" тұруға ғана жетеді. Ал, ғимараттың күрделі жөндеу көрмегеніне биыл 27 жыл болады.

Мұны естіген Ерлан Қошанов жөндеу жұмыстарын дереу жүргізуді тапсырып, ол үшін бюджеттен 174 млн теңге бөлінетінін айтты. Ал, мұғалімдердің проблемалары бюджеттің мүмкіндігіне қарай "асықпай" шешілетін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары