$ 498.34  519.72  4.85

Ресейлік маман «бэби-бокстың» қоғамдағы жағдайды одан сайын ушықтыратынын айтып отыр

Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова наурыз айының ортасында Премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, Қазақстан қалаларына «бэби-бокстар» орнату мәселесін көтерген еді. Оның пікірінше, көшелерге тастанды бала салатын жәшіктер орнатсақ, осынау проблема түбегейлі шешіледі-міс. Яғни, жаңа туған балаларын қоқысқа немесе дәретханаға тастау деректері азайып, көкек аналар сәбилерін бұдан былай «бэби-бокстарға» салып кетеді екен.

Депутаттың бұл көтерген мәселесін қолдайтындар да, түбегейлі қарсылық танытатындар да елімізде көп болды. Ал, Ресей Думасындағы Денсаулық сақтау және қоғамның денсаулығын қорғау жөніндегі комиссияның басшысы Людмила Стебанкова «бэби-бокстан» тек зауал келетінін айтып отыр. «Москва» ақпараттық агенттігіне сұхбат берген маман тастанды балаға арналған жәшік ұғымына тіпті, құлақты үйретуге де болмайды дейді.

«Бэби-бокстарды орнату ананың сәбиін өлтіру деректерін азайтпайды. Өйткені, баласынан құтылғысы келген әйел ешқашан бэби-бокстың көмегіне жүгінбейді, оның салдары өзіне зиян әкелетінін кез-келген әйел біледі», — дейді ол.

Оның айтуынша, тастанды сәбилерге арналған жәшіктер әлемнің бірде-бір елінде өзінің пайдасын әкелмеген. Ал, бұл идеяны қоғамда жаппай қолдау арқылы жауапсыз аналар мен тастанды балалардың санын одан сайын көбейтіп алуға болады.

«Отбасын сақтап, сәбилердің өмірін аман алып қалуға тек қана алдын алу жұмыстары ғана оң әсерін тигізеді. Ал, арнайы жәшіктерді орнату рухани құндылықтардың жойылуына әкеледі, оны орнатқаннан кейін алдын алу жұмыстарын жүргізудің бір тыйын пайдасы да болмайды», — дейді Дума жанындағы комиссия басшысы.

Айта кетейік, соңғы бірер жылда елімізде баласын көшеге тастап кетіп жатқан аналар саны күрт артып кеткен. Жауапсыз әйелдер жаңа туған нәрестелерін қоқысқа да, дәретханаға да, жол бойына да тастап кетіп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары