$ 494.87  520.65  4.91

ТӘҢІРДЕН СЕНДЕЙ ДЕПУТАТ СҰРАҒАН ЖОҚПЫЗ, ТӘҢІРБЕРГЕН!

Біз пессимистерді айтпағанда, оптимистердің өздері де дағдарыңқырап қалған кезеңде өмір сүріп отырмыз. Себебі, биліктің биігіне шыққан азаматтардың басым көпшілігінің ауыздарынан дуа қашып бара жатыр. Адамдар не әкімге сенбейді, не министрге иланбайды.

Олардың ауыздарынан неге дуа қашты? Бір дұрысы, осынау сауалдың жауабын табу үшін тым ақылды болудың да қажеті жоқ. Ауыздарынан дуа қашатыны, олар өтірікті ермекке айтатын болды. «Отандастарымыздың тұрғын үй проблемасын шешу үшін бюджеттен пәленбай миллион теңге бөліп, «Бесоба» дейтін тұрғын үй кешенін салдық, мұндай сапа бүгінге дейін болмаған» дейді, онысы екі жылға жетпей құлап қалады. Немесе «биылғы жіберілген кемшіліктер келесі жылғы ҰБТ науқанында ескеріледі» дейді. Ал, шындығында ұлттық бірыңғай тестілеудің соңғы он жыл көлемінде мамыражай өткенін көрген ешкім жоқ. Біреуі «доллар қымбаттаса атымды басқа қой!» дейді. Атын Майрат дей салайын десең «Құдай ақы, доллардың көтеріліп кеткенін өзім түнде естідім» деп қасам ішуден тайынбайды. Тағы біреуі ғой, «бензин қымбаттаса иттің баласы болып кетейін!» деуге сәл-ақ қалды. Бензин қымбаттаған күні бірінші сол шенеунік үшін жүрегім ауырды. «Енді мына елдің бетіне қалай қарар екен?» деп. Абырой болғанда оның ұяттан өртеніп кеткенін ешкім көрген жоқ. «Алматыда үйім жоқ» деген әкімді айтпай-ақ қоялық...

Халықтың бір сенгені депутаттар еді. «Бізді бір теңдікке жеткізсе осылар жеткізеді» дескен. Мәжіліс депутаттарын өздері сайлай алмайтын болған соң Тәңірден олардың жібі түзу болғанын қалаған. Сөйткен Тәңірдің қазаққа Тәңірберген Бердіоңғаров сияқты депутаттар бергенін көрмейсіз бе?! Бұл қазақтың Құдайдан сұраған депутаты Бердіоңғаров емес еді ғой...

Негізі, біздің қазаққа да обал жоқ. Әңгімемізді оң қолымызды жүрегімізге қойып тұрып айтсақ, кезінде Марат Оспанов, Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Амангелді Айталы сияқты қайраткерлер депутат болған Парламентке де көңіліміз толмайтын. Құдай тағала бізді  Бердіоңғаровпен «ақыры ештеңеге көңілің толмай ма, онда мына депутатты да көр» деп әдейі жазалаған сияқты көрінеді де тұрады. Биліктегі халықтың өкілі сол өзі өкілі болып табылатын халыққа, онда да мүгедек жанға дөңайбат мінез көрсетсе, жең ішінен жұдырығын түйсе, ол енді жаза емей, немене?! Жазаның үлкені ғой.

Сол бір әрекеті үшін не Бердіоңғаровтың өзі, не Парламент Мәжілісі халықтан кешірім сұраған жоқ. Қайта Есілдің сол жағалауындағы зәулім көк ғимараттан «тыныш жүрмесеңдер қай-қайсысыңның да көретінің осы» дегендей мінез аңғарылатындай. Рас, Тәңірберген Бердіоңғаров, мәселенің мән-жайын түсіндіргенге ұқсайтын бірдеңелерді айтты. Бірақ, одан кешірім сұраудың ізеті де байқалмайды.

Біздің түсінбейтініміз, Бердіоңғаровты алып бара жатқан не көкірек? Біресе журналистің бетіне түкіреді, біресе мүгедек жанға этикаға жатпайтын қылық көрсетеді. Бұл шіркінің өзін кімнен артықпын дейді екен? Артықпын десе қай жерім артық дейді екен? Не қиратып тастадым дейді екен? Бұтына сыймай жүргені қай бір жылы бетін бояп киноға түскені ме екен?! Киноға кім түспей жатыр?! Бүгінде бетін кім боямай жүр?!

Тәңірберген, біз Тәңірден сендей депутат сұраған жоқпыз...

А.БЕКНАЗАРҰЛЫ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары