Қоғам 04.09.2014 сағат 12:13

Бесікте күндіз-түні қозғалыссыз жатқан сәби ауруханаға түсті

Туыстары бесікке таңып, аптап ыстықта далада қалдырған бала ауруханадан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Bnews.kz.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Лада.kz сайтының жазуынша, Ақтауда бір жасар Ақнұр туыстарының немқұрайлылығы салдарынан ауруханадан бір-ақ шыққан. Баланың мүшкіл халін Мұнайлы ауданының фельдшері кездейсоқ біліп қалыпты.

— Далада бесікте жатқан балаға көзім түсті. Күн қатты ыстық еді. Байғұс бала тым жүдеп кетіпті, үсті-басы кір-қожалақ. Дереу «жедел жәрдем» шақырдым, — дейді фельдшер.

Дәрігерлер баланы полицейлермен бірге келіп алып кетті. Облыстық балалар ауруханасында бүлдіршіннің өз жасына лайықты салмақ қоспағаны анықталды, бет-аузы қанталап кеткен, құйрығында ойық пайда болыпты.

— Бала бізге келген кезде үсті-басы кір еді. Салмағы өзінің жасынан екі есе кем болды. Жүйке жүйесі бұзылған. Бала өте мазасыз, сөйлемейді және дауысқа мән беріп қарамайды. Бір жастан асса да, тіпті отыра алмайды екен. Ол күндіз-түні бесікке таңылып, қозғалыссыз жатқандықтан осындай күйге түскен», — дейді аурухананың педиатр-гематологы Назгүл Қисықбаева.

Дәрігерлер Ақнұрдың лас жаялығының асты іріңдеп, құрттап кеткенін айтып отыр. Бала әбден ашыққан, қолынан сүт құйылған бөтелкені тастамайды. Баланың медициналық картасында да ата-анасының күтім жасамайтыны жазылған екен. Дегенмен әкесі мен әжесі мұнымен келіспей отыр.

— Уақытында тамақтандырып, жуындырамыз», — деп сендірді әжесі.

Ақнұрдың әкесі полицейлер баланы оған дұрыс қарамағандығымыздан емес, тегіміз әртүрлі болғандықтан алып кетті дейді.

— Баланың анасымен заңды некеге тұрмаған едім, туу туралы куәлікте әкесі ретінде менің аты-жөнім көрсетілмеген. Сондықтан құжат бойынша оған мен ешкім де емеспін, алды да кетті. Әкесі екеніңді растағаннан кейін алып кетесің дейді. Ал ауруханада құйрығында жара болғандықтан жатыр», — деді баланың әкесі.

Баланың анасы қайда екені белгісіз. Әжесінің айтуынша, екі ай бұрын Шымкентке кеткен. Ал Ақнұрдың әкесі әйелін із-түзсіз жоғалғандардың қатарына жатқызып қойыпты. Үйіне басқа әйелді әкеліп үлгерген. Айтуынша, ол балаларға бас-көз болып, дұрыс тәрбие беріп отыр.

Бір жасар Ақнұрдың бұдан кейінгі тағдыры әлі белгісіз. Полицейлер балаға қорлық көрсету фактісі бойынша құжат жинап жатыр екен. Ал әкесі баласын заң жүзінде қайтарып алғысы келеді. Дегенмен, дәрігерлердің айтуынша, бала ауруханаға түскен екі тәуліктің ішінде туыстарының бірі де келмепті. Ақнұрдың кәмелетке толмаған тағы екі әпкесі бар. Олар әкесі, әжесі және өгей шешесімен бірге тұрып жатыр.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар