$ 444.22  476.38  4.82

«ТЫРНАҚ ЕТТЕН АЖЫРАМАЙДЫ»

Баршаға белгілі, бүгінде көршілес Ресей Украинадағы саяси тұрақсыздықтарға байланысты экономикалық санкциялардың құрсауында қала бастады. Америка бастаған әлемнің алпауыттары Ресейдің алқымына салған қыл шылбырларын күн өткен сайын тарылтқан үстіне тарылтып, буындыра түсуде. Ресей жанталасып-ақ жатыр.

Экономикалық санкция дегеніміз не? Біздің елдің бір қариясынан «саясат-саясат дегенге не екен десем, кәдімгі өзіміздің ауылдың сасық қулығы екен ғой» деген сөз қалған. Сол қария айтқандай, түрлі терминдермен түсінікті қиындатып жіберетін өзіміз. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, экономикалық санкция дегеніміз біраз күштінің бірігіп, белгілі бір елді ас-ауқаттан қысып тастауы. «Ашыға бастаған ел біздің саясатпен жүрмегенде қайда барады?!» деген есеп. Ас-ауқаттан қысып тастау саясаты Құдайдың жәй күнінде теледидардан «колбаса қымбаттап барады ғой» деп жыланып, жыламсырап сөйлейтін ресейліктер үшін шынында да ауыр жаза. Жалпы, кім-кімге де экономикалық санкцияда отыру оңай емес...

Алайда, «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін түсінікпен өмір сүретін біздің қазақты бірде-бір жауы асқазан арқылы жеңе алған емес. Қарны ашқанға беріле қайғырған қазақ жоқ. Қайта «бұдан да жаманымда тойға барғанмын» деп «екі қойыңды бір сом» қылып кетеді. Біздің ағайын басына қиындық түскен сайын біріге түседі, бұрынғыдан да тығыз топтасады. Бар қазақ бір қазаққа айналады. Біздің ел ру-руға, жүз-жүзге бөлінсе, қарны тоя бастағанда бөлінеді.

Соңғы жүзжылдықтардың көлемінде қазақтың қарны тойған кезеңнің бірі кешегі жетпісінші-сексенінші жылдар. Сол заманда қызмет атқарған қариялардың көпшілігі бұл кезеңді «бөлінудің басы еді» дейді. «Орталық Комитеттен басталған рушылдық, жүзшілдік жергілікті партия комитеттеріне дейін шырмап алып еді» деп естелік айтады. Расында да шашырап кеткен қазақтың басын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қосқанын бүгінгі аға буын мен орта буын жақсы біледі.

Дәл бүгінгі күндермен салыстырғанда кешегі тоқсаныншы жылдары да материалдық тұрғыдан кәдімгідей тарыққанбыз. Дүкен сөрелері жылан жалағандай болып қалған күндерді де көрдік. Кейбір азық-түлік тауарлары карточкамен босатыла бастаған. Бірақ, сол бір қиын күндер қазақтың рухын жаныштай алмады. Біздің ағайын бүгінгімен салыстырғанда қайта сол жылдары патриот еді. Үш жүздің баласы ол кезде «дүкенде қант-шай неге жоқ?» деп митингілеткен емес. Митингілетсе ұлтқа теңдік сұрап митингілетті. Әсіресе сол жылдары жер-жерде құрылған «Қазақ тілі» қоғамдарының ел ішіндегі беделі орасан болатын. Жұрт коммунистік партияның қатарына өткенді емес, «Қазақ тілі» қоғамына мүше болғанды абырой көре бастаған. Өкінішке қарай, жаңа билік «Қазақ тілі» қоғамы белсенділерінің ресурстарын пайдалануды жөн көрмеді.

... Қай күні архивімді ақтарып отырып, тоқсаныншы жылы пайдаланған бір ескі қойын дәптерімді тауып алдым. Сол кездегі нарықта бағасы небәрі 6-ақ тиын тұратын блокнотты қазынаға тұнып тұр деп өзім де ойламаппын. Архивте жатқан көне блокнот бір кездердегі қазақ патриотизмінен сыр шертеді. Даңқты балуан Әбілсейіт Айхановпен алған сұхбаттың сұлбасы
сақталыныпты, бұл дәптерде.

Мылтықтан тез ажал жоқ,

Тырнақтай-ақ жарасы,

Бұлбұлдан шешен бір құс жоқ,

Бармақтай-ақ қарасы, –

деп толғанады қазақтың Әбілсейіті. Екі сөзінің бірінде «қазағым» деп қарс айрылады, «елім» деп еміренеді. Ләбізден бір жасандылық сезілмейді. Рас, «елім» деп бүгінде кез келген депутаттыққа үміткер де айта алады. Тіпті орындау шеберлігі жағынан олар Әбілсейіт Айхановты шаң қаптырып кетуі мүмкін. Бірақ, Айхановтың «елім-ауы» бәрібір шынайы естіледі.

Шымкент қалалық «Қазақ тілі» қоғамының тікелей ұйытқы болуымен 1990 жылдың 10 қазанында Шымкентке атақты Мұстафа Өзтүрік келіпті. Қоғамның төрағасы Ғани Итемгенов деген азамат, орынбасары Райымбек Әбсеметов. Ғанимен қатар қалалық «Қазақ тілі» қоғамының белді мүшелері Данияр Ілиясов, Әбдікерім Өміров, таксопаркте жүргізуші болып жұмыс істейтін Әнуар Таштанбеков осы кездесудің көңілдегідей өтуі үшін қатты қайрат көрсетіпті. Атақты айтыскер, ол кезде жас ақын Маржан Есжанова жырдан шашу шашыпты.Мұны әлгі қойын дәптер айтады. Өзіміздің есте қалғаны Мұстафа Өзтүрікпен кездесу Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткендігі. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі ретінде батыр ұлмен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсіпті.

Біздің қатарластарымыз жақсы біледі, 1990 жылы Қазақстанның территориялық тұтастығын мансұқтағысы келетіндердің бірі  Солженицын  сандырақтап кеп берген. Өзтүрікпен өзара әңгімеде «Сіз осыны естігенде қандай күйге түстіңіз, Сіз өмір сүріп жатқан Германия мемлекеті бұл жөнінде қандай пікірде?» деген сұрақтар қойылыпты. Әрине, балаң сұрақтар. Бірақ, бұл сұрақтардан замана лебі аңғарылмайды» дегенді ешкім де айта алмаса керек. Көп сұрақтың ішінде «Елге келу ойда жоқ па?» деген «дежурный» сұрақ та жүр. Сауалдан жауап әсерлі шыққан. «Тырнақ еттен ажырамайды» дейді, енді мені туған елімнен ешкім де ажырата алмас!».

Айтқандай, осы кездесу барысында Шымкент қалалық «Қазақ тілі» қоғамы мүшелігінің №1 билеті Мұстафа Өзтүрікке тапсырылды. Батыр ұлдың не деп жауап қайтарғаны дәптерге түспей қалыпты, әйтпесе рушылдық, жүзшілдік дерті туралы да арнайы сұрақ беріліпті.

Иә, енді-енді еске түсіп жатыр, 28 мың адамға арналған орталық стадионға сол жолы көрермен сыймай қалды. Халықтың осынша махаббатына мас болған батыр ұл «1991 жылы сәуірде Қажымұқан атамыздың 120 жылдық мерейтойы өтеді екен, амандық болса сол тойға 19 шәкіртіммен келіп өнер көрсетемін» деп уәде берген.

Мұстафасымен жүздескен қазақ дүкен сөрелерінің жылан жалағандай болып тұрғанына пысқырған да жоқ. «Мұстафамыз аман болсын!» десті. Мұстафаның қасына еріп келген серіктері Бексейіт Түлкиевті, Төлеген Мұхамеджановты, Несіп Жүнісбаевты және Қарлығаш Бәймішева ныспылы қыздарын алаламай, алғаусыз бауырына басты. Мұстафаны жалғыз найман иеленген жоқ, бүкіл қазақ иеленді.

Шүкір, бүгінде ақшаңыз болса дүкенде бәрі толып тұр. Аштан өліп, көштен қалып жатқан ешкім жоқ. Тоқсаныншы жылдары той дегеніңіз тек аптаның сенбі, жексенбісінде ғана өтетін. Қазір аптаның бір күні тойдан бос емес. Кейде бір күнде екі-үш тойға кіріп шығуға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, қарын тоқ. Алайда, кешегі елшілдігіміз, ұлтты кешегідей сүюіміз байқалмайды. Басқа рудың адамын көрсек шоқ басып алғандай күйге түсетін болдық. Әлі естен кетпейді, екі мыңыншы жылдары бүгінгі сенатор Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданына әкім болып тағайындалды. Сол тағайындаудың саясатқа түк те қатысы жоқ жергілікті бір азаматқа жүдә қатты тимесі бар ма?! «Қызмет деген уақытша ғой» деп жұбатсам да жұбанбайды. Сосын «сен тұратын ауданды бұған дейін Терещенко да басқарды, Ряписов деген де басқарды, Халмұрадов та басқарды, ол кезде ренжіген жоқсың ғой. Қайта басқаруға өз қазағың келгеніне қуанбайсың ба?!» дегенімізде «неге түсінбейсің, руы бөлек қой, қара да тұр, ертең ауданға өз ағайындарын қаптатады, әлі» деген жауап алғанбыз. Ряписовпен, Халмұрадовпен, Терещенкомен «рулас» сол досым өзін әлі Айтахановпен туыс сезіне алмай-ақ келеді. Күні түссе әлгі үш азаматтың кез келгенін «тақсыр» деуге бар, бірақ, Айтахановты аға дей алмайды.

Жо-жо-жоқ, біз Терещенконы да, Ряписовты да, Халмұрадовты да өзекке тепкелі отырған жоқпыз. Бұлардың қай-қайсысы да Қазақстан экономикасының қаз-қаз тұрып кетуіне шамалары жеткенше қызмет еткен азаматтар. Бұл ағайындарға біздің де алғысымыз шексіз. Алайда, біздің әңгімеміздің төркіні басқа. Ол бірімізді біріміз дос көру турасында. Бірімізді біріміз дос көрген жерде Шымкенттен шығатын кейбір газеттерде «мына орынға неге Пәленшеев отырды, ол түген жүздің орны еді» деген мақала жазылмаған болар еді. Бірімізді біріміз бауыр тұтқан жерде Алматы облысы жағында «бұл біздің зират» деп қайтыс болған оралманды жерлетпей қою оқиғасы тіркелмеген болар еді.

Қазақтың Мұстафасы айтпақшы, тырнақ еттен ажырамауы керек қой.

Қазақты аштықпен жеңе алмайтынын білетін қазақтың дұшпандары мұраттарына «трайбализм» деп аталатын кесел арқылы жетпекші шығар.

Мүмкін біз тойына бастадық...

Қарынды ғана емес, Рухты да тоғайтуды қашан ойлар екенбіз?

 

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары