$ 447.4  477.55  4.76

«Бөбек» қорының 20 жылдығына арналған салтанатты шараға Сара Назарбаеваның өзі қатысты

Алматыда «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының 20 жылдығына арналған форум өтті. Форумның жұмысына ҚР Тұңғыш ханымы, қор президенті және «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани даму бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы Назарбаева, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қатысты деп мәлімдеді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева орталықтың алғашқы күннен бастап аса маңызды міндеті – өскелең ұрпаққа қамқорлық жасау, жоғары білімді, денсаулығы мықты әрі рухани дамыған тұлға қалыптастыру екенін атап өтті. Адамгершілік пен мейірімділіктің ең жоғары осынау қағидалары Қазақстанның «Бөбек» балалар қорының негізіне енді.

«Дұрыс ұйымдастырылған білім жалпы адамгершілік құндылықтарынан тұрады. Тек білім арқылы ғана біз қоғамда рухани байлықты қалыптастырып, әр адамның бойындағы ерекше қасиеттерді танимыз әрі жүзеге асырамыз, соның арқасында мемлекетке, барша адамдарға пайдасын тигізуге ықпал етеміз», – деді С.Назарбаева.

«Бөбек» орталығы – құрамына балалар бақшасы, гимназия мен колледж енген жаңа типтегі айрықша білім кешені. Орталықтың басты ерекшелігі – білім беру процесінің адамгершілігі жоғары және рухани жағынан дамыған тұлға қалыптастырумен үндесуі.

Форум барысында Қазақстан Респуликасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қазақстан Премьер-министрінің жеделхатын оқып берді.

«Бөбек» қоры құрылған кезеңнен бастап балалардың құқығы мен мүдделерін қорғау жұмыстарын атқарып келеді. Сара Алпысқызы, Сіз қор құрылған сәттен бастап балаларға адамгершілік-рухани тәрбие берудің және олардың жан-жақты жетілген тұлға болып қалыптасуының жаршысы болып келесіз», – делінген жеделхатта.

«Бөбек» өзінің даму жылдарында балалардың сауықтыру-бейімдеу орталығынан актуальді ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру жобаларын жүзеге асыратын көппрофильді кешенге айналды. Мұнда отандық білім саласы үшін жаңа стандарттар, оқу бағдарламалары мен әдістемелік әдебиеттер жасалады. Сара Назарбаеваның басшылығымен «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасы бойынша барлық өңірлерде пилотты мектептер ашылды.

«Өзін-өзі тану» бағдарламасы еліміздің барлық мектептерінің оқу процессіне енгізілген. Алматыда бұл бағыт бойынша 8 пилотты оқу орны жұмыс істейді. Қаланың 817 педагогы «Өзін-өзі тану» пәнін оқытады, 525 арнайы кабинеттер бар, биылғы жылы осы бағдарлама бойынша 194 педагог білімдерін жетілдіру курстарында болды.

Алматы әкімі қаланың білім беру көрсеткіштеріне теңдессіз үлес қосқан «Өзін-өзі тану» бағдарламасының маңыздылығын атап өтті. Алматылық оқушылар 6-шы жыл қатарынан ҰБТ көшбасшы болуда, 15 жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалық конкурстарда бірінші орынды иеленуде. Қала оқушылары 12 жыл қатарынан республикалық олимпиадада командалық бірінші орынды, ал 11 сынып оқышулары арасында өткен Президенттік олимпиадада 4-ші жыл қатарынан бірінші орынды жеңіп алды.

«Бүгінгі күні жалпы адамгершілік құндылықтар кей ретте тоқырауға ұшырай бастағанда «Өзін-өзі тану» бағдарламасы жан- жақты тұлға қалыптастырудың негізгі пәндерінің біріне айналды. «Өзін-өзі тану» нағыз адам болуға, айналадағы әлемді жете тануға және бағалауға, үздік, білімді, ашық болуға,Отанға риясыз қызмет етуге баулиды. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жиі айтатын киелі құндылықтар», - деді шара барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, басында Сара Алпысқызы Назарбаева тұрған «SOS Балалар ауылдары» да өздерінің 20 жылдығын атап өтті. «SOS Балалар ауылдары» балалар үйлерінің тиімді баламасына айналды. Мұнда ата- анасыз қалған балалар жаңа отбасына ие болып, үй жылуына бөленеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары