$ 444.22  476.38  4.82

Жайылма ауылында 2 мыңға жуық адамның қатысуымен мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген тапсырмаларды орындау жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жүріп жатқаны белгілі. Әсіресе, «Туған жер», «100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» секілді бағдарламалар аясында тындырымды істер атқарылуда.

Осындай шаралардың бірі Жамбыл облысында жалғасын тапты. Сарысу ауданындағы Жайылма ауылында 2 мыңға жуық адамның қатысуымен мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Бұл туралы бүгін Тараздағы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев мәлімдеді. Жиын «Жаңғырудың жарқын жолындағы – Сарысу» деген тақырыпта өтті.

Спикердің мәлімдеуінше, ауданда Елбасы мақаласының маңызын түсіндіру және осы бағыттағы ортақ міндеттерді талқылау барысындағы жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. 2017 жылдың 7 тамызы – 31 желтоқсаны аралығына арналған облыстық желілік кестеге сәйкес, аудан аумағында барлығы 40 іс-шара (23 аудандық, 17 қала/ауылдық деңгейде) өткізу көзделген. Желілік кесте 5 спорттық, 7 мәдени-көпшілік, 3 қайырымдылық, 3 экскурсиялық, 22 әртүрлі (дөнгелек үстел, кездесу, көрмелер, семинарлар және т.б.) іс-шараларды қамтыған.

«Бұл іс-шараларға 4 мыңнан аса адам қамтылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда, жоспарлы 40 іс-шараның 19 өткізіліп, оған 2 мыңға жуық тұрғындар тартылған. Алдағы уақытта қалған 21 іс-шара өткізілетін болады. Жоспарлардан тыс халықты бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыратын және ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді дәріптейтін шаралар өткізу де тәжірибеде бар. Тамыз айында екі күндік бағдарламасына сәйкес, Жайылма ауылында 2 мыңға жуық адамның қатысуымен Қазақ хандығының құрылуына өзіндік үлес қосқан тарихи тұлға Барақ Бигелдіұлының рухына арналған мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды», - деп баяндады Балабек Жанбекұлы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы осы ауыл-аймақты дамытуға бағытталған. Бағдарлама аясында Қазақстанның кез-келген азаматы өзінің туып өскен ауылына көмек көрсетуі тиіс. Бүгінде осы жұмыстарды жүзеге асыру барысында елімізге танымал өнер, мәдениет, спорт қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері өз туған ауылдарына түрлі деңгейде көмек көрсетіп үлгерді. Олардың алды мектеп пен балабақша тұрғызса, өзгелері жол, саябақ салып беріп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары