$ 498.55  524.28  4.75

Алматылық оқушылар Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды

Биыл Алматыда оң өзгерістер көп. Әсіресе, «Алматы-2020» бағдарламасы қабылданғалы бері мегаполисте көптеген мәдени, спорттық, рухани шаралар өтіп жатыр. Сонымен қатар, жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін басқосулар да жиілеген. Солардың бірі бүгін Наурызбай аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.

Айтулы шара ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай ұйымдастырылған. Аудан мектептерінің оқушылары бірауыздан Республика алаңына жиналып, Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды. Осылайша жас өрендер егемендік жолында жанын құрбан еткен ата-бабалар рухына, 1986 жылғы көтеріліс кезінде құрбан болған ағалар мен әпкелерінің рухтарына тағзым етті.

Оқушылар жас болса да қаланың өміріне белсене араласатындарын, жергілікті биліктің шешімдеріне көзжұма қарамайтындарын да айтып отыр. Әсіресе, бастауын осы Республика алаңынан алатын көшеге ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі берілгенде ерекше қуанғандарын да жасырмады. Өйткені Алматының қақ ортасында жатқан үлкен көше бұған дейін қазақ халқына жат Кеңес одағының саяси қайраткері, революционер Дмитрий Фурмановтың атымен аталатын. Ал, 30 қараша күні бұл көшеге Назарбаев даңғылы деген атау берілді.

«Осы көшені қазақша атаумен атау керек деген ұсыныстар көп түскен болатын. Жалпы мен осы ұсынысты қолдаймын. Назарбаев ол біздің тарихта қалатын адамдарымыздың бірі. Яғни, ұлы тұлғалардың бірі болғандықтан осы Фурманов көшесін Назарбаев даңғылына ауыстырғанына мен толықтай қосыламын», - деді Алматы қаласы №174 мектеп-гимназиясының оқушысы  Әнел Шеренова.

Ескес салайық, ҚР Тұңғыш Президент күніне орай, 30 қараша күні Алматыдағы Фурманов көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың аты беріліп, көше даңғыл деген статусқа ие болды. Мұндай шешімді Алматы қаласы мәслихатының VI шақырылымындағы сессиясы барысында мегаполистің көптеген тұрғындарының ұсынысы бойынша қалалық ономастикалық комиссиясы мен Қазақстан Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссиясы келісіп қабылдаған.

Сессия барысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 112 көшені қайта атау туралы ұсынысты ономастикалық комиссияға ұсынғаннан кейін интеллигенция өкілдері, ҮЕҰ, қала тұрғындары және біршама жастар тарапынан мегаполистің негізгі көшелерінің бірі - Фурманов көшесіне тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы елбасы есімін беру туралы көптеген өтініш келіп түскенін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары