$ 441.66  475.14  4.86

Алматы жастары «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы жастар ролін талқылады

Алматы қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарманың, Бостандық ауданы әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының қолдауымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында «Рухани жаңғыру: жастар әлеуеті мен бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. 

Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  «Мемлекеттік тілге – құр­мет» бірлестігінің төрайымы, ҚХА мү­шесі Асылы Осман, сондай-ақ, ҚР Ұлт­тық Ғылым ака­демиясының ғалым­дары, Алматы жоғары оқу орындарының профессор-оқыту­шылары, студенттер, колледж оқыту­шылары, мектептер мұғалімдері мен оқушылары, барлығы 300-ден астам адам қатысты. Алдымен қонақтар  ҚазИТУ жетістіктер көрме­сімен танысып, конференция мәжілісі, секциялар мен «Дөңгелек үстел» жұмыс­тарындағы жастар­дың «Менің өлкем», «Тұлға», «Ұлы дала жастары», «Маман­дық үздігі-2017» жобалары­ның тұсау­кесерінде болды.

Жиында ҚазИТУ ректоры,  профес­сор Нұрлан Темірбеков  құт­тықтау сөз сөйлеп, Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарма өкілі А.Сариева, «Нұр Отан» партиясы Бостан­дық аудан­дық филиалының  мүшесі Э.Кәрібаев өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

Одан кейін ҚазҰАУ-нің доценті Д.Сал­қынбек «Қазақстан аумағындағы қасиетті, киелі орындардың тарихи сананы жаңғыр­тудағы маңызы және отансүйгіштікке тәр­биелеудегі орны», ҚазИТУ проректоры Г.Сәрсенбекова «Жастарды «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында тәрбиелеуде жоғары мектептің міндеттері туралы» деген баянда­малар жасады. Бұл ретте Г.Сәрсенбекова: «Жастар – бүгініміз бен болашағымыздың алтын діңгегі. Олар оқитын жоғары оқу орындарының үштен бірі шоғыр­ланған Алматы қаласында «2017 жыл – Жастар жылы» деп белгіленді. Оның «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы жастар тәрбиесіндегі орны зор.  Соған орай ҚазИТУ-де «Рухани жаңғырудың» «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының аясында «Жаһандық бәсекеге біліммен» атты жоба жасалды. Жоба аясында білім алушылардың туған жеріне деген патриоттық сезімін арттыру, басқа мәдениеттерге ашықтық, конфессияаралық келісім, өркениетті­лікке ұлттық құндылықтар арқылы жету, саяси тілді білімге, компью­терлік сауаттылыққа, ғылымға құштарлықты арттыру және насихаттау мақсатындағы міндеттерімізді «Мәдени мұра – халық қазынасы», «Менің өлкем», «Ғылыми ізденіс», «Туған жерге туыңды тік», «Да­рынды жастың дара жолы», «Білім. Ғылым. Инновация» атты мақсатты тақы­рыптарға біріктірдік. Әрине, қоғамға, жұмыс берушіге адамшылығы мол, елжанды, креативті, белсенді өмірлік ұстанымы бар, көшбасшылық қасиетке ие, сыни ойлауға қабілетті мамандар қажет» деп атап өтті.

«Ұлттың жаны, рухының үні, алтын қоймасы – тілі. Жастарға ай­тарым «Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек. Біз бәріміз қазақ тілінің құдірет­тілігін, әуезділігін, байлығын, шұрай­лылығын елге жеткізіп айта білуіміз керек. Қазақ тілі – жүрек, өзге тілдер оған тірек», – деді белгілі тіл жанашыры Асылы Осман.

Бостандық ауданы Ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Хамит Біржанов жастарды тәрбиелеудегі Ардагерлер кеңесінің рөлі жайында айта келіп: «Ең бірінші мәселе – жастардың терең білім алуы және Елбасы ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырып, әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу. Ал «Рухани жаңғыруды» жастарға насихаттауда Ардагерлер кеңесінің рөлі зор» деп тұжырымдады.

Жиында «Рухани жаңғыру» аясында жастардан өтініштер көп түсті. Оның ішінде қалалық жоғары оқу орнының Жастар ұйымдары комитеттерінің төрағалары, «Жас Отан» жастар қанаты Бостандық аудандық филиалының, оқушылардың «Жас Ұлан» өзін-өзі басқару ұйымдарының басшылары қатысып, шара жұмысында белсенділік танытты. Бұл ретте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті, т.ғ.к. Л.Хасанаева «ХХ ғасыр басындағы ұлттық элитаның идеялық күресінің саяси аспектілері», магистрант-студент­тер атынан ҚазИТУ магистранты Е.Бога­тикова «Бәсекеге қабілетті жастар – болашақ кепілі», ҚазИТУ студенті Ж.Ше­гебаева «Рухы күшті тұлға – «Ру­хани жаң­ғыру» негізі», ҚазҰУ студенті А.Жақсы­лықова «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­лаcының тарихи маңызы», ҚазИТУ сту­денті Е.Асылжан­қызы «Культ знания – основа идеи «Рухани жаңғыру»» деген баяндамалар жасады.

Ал пленарлық мәжілісте «Ұлт­тық біре­гейлікті сақтау – «Рухани жаңғыру­дың» басты бағыты» баяндама­ жасаған ҚазИТУ 2-курс студенті Дәулеткелді Тұрар  «Рухани жаң­ғыру» атты мақала­ны маңызды саяси идеологиялық құжат деуге болады. Шынында да, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде, Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниета­нымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыр­уымыз қажет» деді.

 

Құттыбек АЙМАХАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары