Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге биыл тура 26 жыл толып отыр. Осынау айтулы мерекеде арманы асқақ, бірлігі жарасқан Тәуелсіз ел екенімізді ұлықтау мақсатында ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы қарсаңында Алмалы ауданы Білім беру ұйымдарында түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Ш.Смаханұлы атындағы №62 гимназияда Алмалы ауданы Білім бөлімінің басшысы Байболов Берік Әміржанұлының басшылығымен «Тәуелсіздік – тірегім, елім деп соққан жүрегім» атты аудандық мерекелік іс-шара өткізілді.
Аталмыш мерекеге Алмалы ауданындағы балабақша, мектеп, гимназия, лицей ұжымының ұстаздары мен оқушыларынан, ата-аналарынан құрылған көркемөнерпаздар белсене қатысты.
Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әні әрбір елім деп соққан жүрекке ерекше сезім сыйлайтыны белгілі. Осы патриоттық әнді №62 гимназия директоры А.Б.Бижанов бастаған ұстаздар ұжымы, Алмалы ауданының мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері әуелете шырқағанда орнынан тұрмаған, қол соқпаған көрермен қалмады. Ағы мен қарасы, жақсы мен жаманы, жасығы мен жасампазы егіз ұғым болған жаңа ғасырда саф алтындай баға жетпес байлығымыз – ұлт құндылығын, ел Тәуелсіздігін берік сақтау баршамызға парыз.
Айта кетейік, бүгін сондай-ақ, Алмалы ауданы әкімдігі ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай салтанатты жиын өткізді. Аудан басшысы Жасұлан Естенов жергілікті тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтай отырып, Алмалы ауданының тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін баяндады және биыл атқарыған маңызды жұмыстарға қысқаша есеп берді.
Мұнан кейін Жасұлан Тоққожаұлы ауданның дамуына үлес қосқан мемлекеттік қызметкерлерді, мұғалімдер мен дәрігерлерді, ауданның белсенді азаматтарын марапаттап, оларға алғысын жаудырды. Жиын соңы Алматы мен елімізге танымал әншілердің қаьысуымен өткен уонцерттік бағдарламаға ұласты.
Сондай-ақ, бұл күні Алматының өзге де аудандарында мерекелік іс-шаралар легі өтіп жатыр. Ал, кешке Республика сарайында шаһар басшысы Бауыржан Байбек алматылықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтайды деп күтілуде. Бұл шара барысында Алматының дамуына сүбелі үлес қосқан жандарың еңбегі еленетін болады.