$ 498.34  519.72  4.85

Алматыдағы қыздар лицейінде Президент туралы кітаптың авторымен кездесу өтті

ҚР Тұңғыш Президент күнін елімізде әлі де болса атап өтуде. Айтулы мерекеге орай 1 желтоқсан күні түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылса, қазір жастарға Елбасының өнегелі өмірін насихаттау шаралары өтуде. Сондай кездесулердің бірі бүгін Алматыда өтіп отыр.

Атап айтар болсақ, дәл бүгін «Нұр Отан» партиясының Әуезов аудандық филиалының бастамасымен, партияның «Жастар – Отанға!» жобасы аясында, Алматы «Білім – инновация» қыз балалар лицейінде журналист, жазушы, абайтанушы, дінтанушы, қоғам қайраткері, «Тұңғыш Президенттің балалық шағы» атты кітаптың авторы Бейбіт Төлеубайұлы Сапаралымен кездесу өтті.  

Мақсаты – жас жеткіншектерге Елбасының өмір жолын дәріптеу, жас ұрпақтың Елбасына деген құрметін арттыру, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту. 

Кездесу барысында Бейбіт Сапаралы «Тұңғыш Президенттің балалық шағы» кітабын Тәуелсіздіктің 20-жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында кітап-альбом күйінде оқырман назарына ұсынғандығын жеткізді. Елбасы туралы жазу идеясы мен кітаптың жазылу тарихына тоқталды. Кітап жазғанға дейін Елбасының ауылына барып, сыныптастарымен, Президенттің өзімен кездескендігі жайында жастарға әсерлі баяндап берді. 

Кеш барысында лицей оқушыларының «Тұңғыш Президенттің балалық шағы» атты кітапты қызыға әрі жарыса оқып шыққандықтары байқалды. Олар кітаптан алған қызықты әсерлерімен бөлісе отырып, Елбасының балалық шағы мен жастық шағы, қайраткер болып қалыптасу жылдары және қол жеткізген жетістіктері, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуындағы рөлі туралы айта келіп, Елбасына деген құрметін мақтаныш сезіммен жеткізді. 

Лицей директоры Ғалия Сегізбаева іс-шараның ұрпақ тәрбиелеудегі маңыздылығын жеткізіп, кездесу қонағы қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралыға ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Кездесу мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Осы ретте айта кету керек, қазір Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында елімізде танымал тұлғалардың жастармен кездесулері өтуде. Бұл ең алдымен өскелең ұрпақтың оң тәрбие алуына септігін тигізеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары