$ 498.34  519.72  4.85

Алматылық жастар «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді

Бүгін Алматы университетінің студент жастары дөңгелек үстел басына жиналып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін талқылады. «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері» деген тақырыптағы жиынды «Нұр Отан» партиясының Әуезов аудандық филиалы ұйымдастырып отыр.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың бойында қазақстандық патриотизм мен гуманизмді қалыптастыру, рухани құндылықтарды сіңіру. Сонымен қатар, аталған дөңгелек үстел Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған.

Іс-шараға Университет ректоры Мүбәрак Ермағанбетов, бастауыш партия ұйымының төрайымы Нұрбол Батырбек, «Нұр Отан» партиясының Әуезов аудандық филиалы Саяси кеңесі бюросының мүшесі, «Игілік» журналының бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Меруерт Айтенова, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, студенттер және ұстаздар қатысты. 

Мүбәрак Ермағанбетов қазіргі таңда латын әрпін қолдану уақыт талабы, заманауи технологияларға тәуелді, жаңа дүниелермен санасу керек екендігін айтып, латын әліпбиіне өтуді қолдайтынын білдірді. 

«Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады. Бұл бағдарламада қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Біз қазақ тілінің мәртебесін, қазақ тілінің тазалығын ойлауымыз қажет! Негізі қазақтың тілі жұмсақ, үнді, мәдениетті тіл. Кейбір әріптердің ана тіліміздің әуезін бере алмауына байланысты тіліміз өзінің бастапқы қалпын жоғалтып жатыр. Осы орайда біз латын әліпбиіне көшуіміз керек», - деді Меруерт Айтенова. 

Кездесу соңында жастармен кері байланыс құра отырып, қатысушылардың пікірімен алмасты. Студенттер де өз ойларын ашық жеткізіп, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін айтты.

Еске салайық, қазақ тілінің латын графикасына көшуі туралы жарлыққа Мемлнекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биыл қазан айының соңында қол қойған болатын. Енді 2025 жылға дейін ана тіліміз кирилл алфавитінен латын әліпбиіне ауысатын болады. Бұл процесс кезең-кезеңмен жүзеге аспақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары