Алматы қаласы Наурызбай ауданында ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы кең көлемде аталып өтті. №176 мектеп-гимназиясының ғимаратында өткен салтанатты шараға аудан әкімі Сайран Сайфеденов қатысып, барша тұрғынды қасиетті мерекемен құттықтады.
«Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан 26 жыл бұрын ел болып, халық болып ертеңгі күнімізді, атар таңымызды осы Тәуелсіздікпен бекем байлаған едік. Бұл Тәуелсіздік – ең алдымен әр азаматымыздың еркіндігі, мемлекетіміздің тұғыры. Кешегі егемендіктің алғашқы жылдарындағы аумалы заманның қиын-қыспағына қарамай, бұл жылдар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың еңсесін көтеріп, аяғын нық бастырған кез болды. Біз тек елдікке қол жеткізіп қана қоймай, халқымыздың ахуалын түзеп, мемлекетіміздің экономикасын нығайттық», - деді Наурызбай ауданының әкімі Сайран Тәпенұлы. Ол сондай-ақ, жиналған қауымға зор денсаулық, отбасыларына ырыс-береке мен баянды бақыт тіледі.
Наурызбай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан мол үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мереке қарсаңында ауданымыздың мемлекеттік қызметкерлері, білім және медицина қызметкерлері мен белсенділері, кәсіпкерлер мен коммуналды шаруашылық саласының қызметкерлері аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Ресми бөлімнен кейін Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің күйлері, Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің билері мен Жүргенов атындағы өнер колледжінің театрландырылған қойылымы, 2011 жылдың ең жас ақыны Жамбыл Дүйсенов, Есет Сәдуақасов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағанбетова және ең жоғарғы «Отан» орденінің иегері ҚР халық әртісі, композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері жиналған жұртшылықты баурап алып, тамаша мерекелік кеш сыйлады.
Естеріңізге салайық, Алматыдағы Наурызбай ауданы 2014 жылдың жазында Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасынан кейін құрылған болатын. Сол уақыттан бері ауданда су жаңа ондаған мектеп, аурухана мен емхана ғимараттары, жастарға арналған орталықтар және өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеріп үлгерді. Сонымен қатар, әр жыл сайын Наурызбай ауданының аумағында жаңа тұрғынүйлер бой көтеріп, жастардың баспана мәселесі оң шешімін тауып келеді.