Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай, бүгін Алматыдағы №176 мектеп-гимназиясында «Менің Тұңғыш Президентім» атты салтанатты мереке ұйымдастырылды.
Салтанатты шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының «Тұңғыш Президенті күні» аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына қолдау жасай отырып, ата заңның қалыптасу тарихының кезеңдері және оның ерекшеліктері туралы білімдерін тереңдету. Ұлттық болмысымызды бейнелеген заңдық қағидалар мен өркениеттік Заңдық ережелерді жастардың бойларына сіңіру.
Шараны салтанатты түрде Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Б.Ә.Пірәлиев құттықтау сөзімен бастады.
«Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тағы бір ерекше мерекені атап өту дәстүрі қалыптасты. Ол – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні! Тарих беттерінде отаны үшін және елінің іргесін нықтап, берекесін баптап, өз ғұмырын арнаған отан сүйгіш, жанашыр азаматтар мәңгі есте болатыны белгілі. Бұл ретте, Тәуелсіз Қазақстанның өркениет көшіндегі ерекше орнын айқындап берген Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлесішексіз. Аумалы-төкпелі алмағайып заманда «мың өліп, мың тірілген» қазақ көп жылдар бойы іздеген мұратына да, арманына да Ұлт Көшбасшысы тұсында жетті. Билік тізгінін қолына ұстаған жылдардағы Президентіміздің жарқын келбетін, биік болмысын, кемел дарынын, ел басшысы ретінде көсемдік қасиеттерін бүгінгі ұрпақ пен келешек жастар жақсы білуі тиіс деп ойлаймын. Мемлекетіміздегі жоғарғы лауазым президенттік қызмет — халықтың сенімін, бабалар аманатын арқалаған ең жауапты да қиын міндет. Бұл қызметті Отаны мен халқын шын сүйетін, ұлттық тілін, тарихын, мәдениетін құрметтейтін, елі үшін отқа түсетін, осы заманның талабын түсінетін нағыз азамат — Нұрсұлтан Әбішұлының атқара алатыны айдан анық. Ең бастысы – осы 26 жыл ішінде ешкімнің есігіне қарамайтын, өз шамасын өзі бағалайтын ұлттық мемлекет қалыптасты. Ол әрине, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі екені анық» - дей отырып, ауданның ардагерлеріне, педагогикалық ұжым мен медицина саласының қызметкерлері және аудан тұрғындарына зор денсаулық, отбасыларына ырыс пен бақыт тіледі.
Сонымен қатар, Наурызбай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан мол үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің "Құрмет грамотасымен" Наурызбай аудандық сотының судьясы Урстембай Нұрсұлу Құдайбергенқызы, Наурызбай ауданы прокурорының орынбасары Өтебаев Алмас Берікұлы, Республикалық Елеуліжан Отан қорғаушыларды еске алу туралы тұрақты комиссиясының төрағасы Абдыхалыков Тлеужан, Ардагерлер алқасының мүшесі, «Арай» ардагерлер ансамблінің режиссері Кулумжанов Қанат Адалбекұлы, №7 қалалық клинилкалық емханасының бас мейірбикесі Алжанқұлова Күлпия Чакенқызы марапатталды.
Салтанатты шараны ән-жырға бөлеген – Бахытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, «Салтанат» би ансамблі, «Құрманғазы» атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халықтар достығы орденді халық аспаптар оркестрі, Сауле Ағыбаева, Есет Сәдуақасов және "Серілер тобы" жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.