$ 494.87  520.65  4.91

Қызылорда тұрғыны: «Титаник суға батса, біз боққа батып отырмыз» (ВИДЕО)

Сырттан келген біреу бұл көпқабатты үй мен үйдің маңын Үндістандағы трущоба деп ойлауы әбден мүмкін. Өйткені, үйдің ауласында қаз-қатар тізіліп 1 емес, 5 емес тура 46 дәретхана тұр. Яғни, үйдегі 46 пәтердің иелері бас-басына туалет қазып алған. Ал, оның иісі болса адам айтқысыз сасық, кеңсірікті жарып жіберердей.

Ол аздай, дәретханалардан бөлек үй ауласында душ кабиналары да салынған, жабайы түрде әрине. Сондай-ақ, тұрғындар күн жылынғанда далаға кір жуады. Қоқыс та осы маңда үйіліп жатыр.
Бұл көпқабатты үйді қызылордалықтардың бәрі жақсы біледі, ел арасында оны Титаник деп те атап кеткен. Мұндағы тұрғындар жетіскендерінен далаға дәрет сындырып жүрген жоқ, осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын жергілікті билік үйді кәріз жүйесінен ажыратыпты. Тұрғындардың қарызы шамадан асып кеткендіктен, осындай шара қолдануға мәжбүр болған көрінеді.

Бүгінде 46 отбасының балалары амал жоқ, дәретхана мен қоқыстың арасында ойнап өсіп келеді. Ал, ересектер болса бір күні нәжіске батып өлеміз бе деп қорқатындарын жасырмады.

«Бұл Титаник қой. Титаник суға батса, біз боққа батып бара жатырмыз. Бізге келгенде әкімдердің көзі соқып, құлағы керең. Депутаттыққа сайланатын кезде бізді бәрі тауып алады, үйіміздің алдына келіп кетпей тұрып алады. Сайланып алғанша сол. Содан кейін болды, біз Құдайдан өзге ешкімге керек емеспіз», - дейді осы үйде тұратын тұрғындардың бірі.

Ақ жағалылар кәріз жүйесі үйдің тұрғындарының қарызы көптігіне байланысты осыдан 22 жыл бұрын ажыратылған дейді. Содан бері әжетхана қиындығын тартып келе жатқан көпшілікке тек қайта жаңғырту жұмыстары көмектесетінін айтады.

«Күрделі жөндеу жүргізу үшін тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бірақ бұл жерде анықталып отырған нәрсе, әрбір пәтер иесінің заңды құжаттарының болмауы. Әрбір пәтер иелерінің техникалық төлқұжаттары болуы қажет», - дейді Қызылорда ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Біржан Далабаев.

Шенділер сөзіне сенсек, мәселенің шешілуіне 20 жылдан аса кедергі болған мұнда тұратын бірнеше отбасының құжаттарының дұрыс еместігі. Ал құрғақ жерде қоқысқа батқан «титаниктің» тұрғындары ел қатарлы өмір сүргілері келеді.

Дереккөз: 31-арна

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары