Елбасының Жолдауында қойылып отырған міндеттерді жүзеге асыру бірінші кезекте мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі жағдайда бүкіл әлемде адамзаттың бейбіт өмір сүруіне және дамуына қандай да қауіп-қатерлер болса, солардың басында діни экстремизм мен терроризм тұр. Сондықтан да елімізде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың негізгі бөлігінің бірі болып саналады. Бүгінгі жағдайда Оңтүстік Қазақстан облысындағы діни ахуалды қалыпты және тұрақты жағдайда деп сипаттауға болады.
Облыс аумағында 11 конфессияға енетін 60 исламдық емес бағыттағы жергілікті діни бірлестіктер мен олардың 3 филиалдары және исламдық бағыттағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары – 823 мешіттер қызмет етуде. Исламдық емес бағыттағы 60 діни бірлестіктер қатарында православтық – 18, католиктік – 1, иудейлік – 1, бахаилық – 1, протестанттық – 39 діни бірлестіктер бар. Аталған діни бірлестіктер мен филиалдар еліміздегі заңдылықтар аясында қызмет жасауда, олардың арасында өзара ынтымақтастық орныққан, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлесін қосуда.
Алайда, облыс тұрғындарына, әсіресе жастарымызға түрлі бағыттағы теріс пиғылды діни ағымдардың зиянды ықпалы тимей отырған жоқ. Теріс пиғылды діни ағымдардың және оларды жақтаушы адамдардың халық арасында адасушылық тудырып, елімізде қалыптасқан ынтымақ пен бірлікке, ауызбіршілікке нұқсан келтіруге бағытталған іс-әрекеттеріне қарсы жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы тұрғыда мемлекет деңгейінде заңдылықтарды жетілдіру және күшейту қолға алынуда, ал жергілікті жерлерде нақты атқарылар жұмыстардың нәтижелілігі арттырылуда. Дін саласы бойынша жұмыстар тиісті деңгейде үйлестіріліп, жүзеге асырылуда.
2018 жылға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 194 054,0 мың теңге қаржы бөлінді. Бірінші кезекте теріс пиғылды діни ағымдардың ықпалынан халықты, ең алдымен өскелең ұрпақ-жастарымызды қорғау міндеті тұр. Осы мақсатта облыс көлемінде дін саласы бойынша халық арасында, яғни елдімекендер тұрғындары, мекемелер қызметкерлері, оқу орындары жастары мен мектептер оқушылары арасында кең көлемді ақпараттық - түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін облыс көлемінде 1 облыстық және 15 қала, аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған.
Бүгінгі жағдайда облыстық топ құрамында 34, қалалық, аудандық топтар құрамында 224, жалпы барлық деңгейдегі ақпараттық – түсіндіру топтарында 258 адам жұмыс жасауда. Жыл басынан олардың тарапынан 1325 кездесу өткізіліп, 138006 адам қамтылды.
Еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде мешіттердің, оларды басқарушы дін мамандарының рөлі күшейтілуде. Өкінішке қарай, облыстағы 823 мешіттерді басқарушы имамдардың сапалық деңгейі төмен күйде қалуда. Олардың барлығы дерлік теріс пиғылды діни ағымдар насихатына толыққанды тойтарыс бере алатын деңгейде деп айта алмаймыз, себебі білімі мен біліктіліктері жеткіліксіз. Сондықтан мешіттерді білімді мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетілуде. Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қолдау ретінде 2016 жылдан бастап Сарыағаш және Шымкент медресе-колледждеріне облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік тапсырыс гранттарымен қамтамасыз етілуде. Нәтижесінде бүгінгі күні 350 жастар мемлекет қаржысына «Исламтану» мамандығы бойынша осы екі оқу орнында білім алуда.
Алдағы уақытта осы білім алушылар есебінен облыс мешіттеріндегі білімді мамандар қатары толықтырылатын болады. Бұл бағыттағы қолдау алдағы уақытта да жалғасын табады. Сонымен қатар, облыста дін саласы мамандары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде зайырлылық бағыттағы «дінтанушы» және «теолог» мамандықтары бойынша (144 студент және 8 магистрант) және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде мектептер үшін «Тарихшы-дінтанушы» мамандығы бойынша (56 студент) дайындалуда.
Облысқа қажетті дін саласы мамандарын тарту мақсатында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің мүмкіндіктерін пайдалану жолдары қарастырылуда.
Облыста дін саласына қатысты жұмыс жүргізетін мемлекеттік құрылымдардың штаттық бірліктерін арттыру, жаңадан құрылымдар ашу мәселесі қолға алынды. Осы мақсатта облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне 2018 жыл басынан қосымша теолог-мамандардың 15 штаттық бірлігі беріліп, жалпы қызметкерлер саны 43-ке жеткізілді.
Сонымен қатар, діни ахуал неғұрлым өзекті болып саналатын Түркістан қаласы мен Мақтарал, Сайрам, Сарыағаш аудандары әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдері жанынан конфессияаралық және ұлтаралық мәселелермен айналысатын секторлар құрылып, әрқайсысы 3 адамнан 12 штаттық бірлікпен қамтамасыз етілді.
Жалпы, халықтың дін саласы бойынша сауаттылығын арттыруда, діни экстремизм мен терроризмге, теріс пиғылды діни ағымдардың үгіт-насихатына қарсы иммунитетін қалыптастыруда ел ішінде жүргізіліп жатқан кең көлемді ақпараттық насихаттық және түсіндіру жұмыстарының қатарында бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше. Дін саласына қатысты мәселелердің өзектілігіне, осы бағыттағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығына байланысты облыс және қала, аудандар деңгейінде бұқаралық ақпарат құралдарымен дін саласы бойынша жұмыс мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеудің арнайы медиа-жоспарларына сәйкес жүргізілуде. Ол медиа-жоспарлар Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті тарапынан берілген үлгі-нұсқауға негізделіп жасалынған.
Облыстық, қалалық, аудандық телеарналарда дін саласына арналған арнайы 11 телебағдарлама жұмыстарын жалғастыруда. Осы бағытта жыл басынан бері облыстағы 10 телеарнада 176 көрсетілім жарыққа шықты, «Қазақстан-Шымкент» радиосында 16 және «FM 89,6 Сарыағаш» радиосында 16 хабар шығарылды. Сонымен қатар, облыстық және жергілікті медиа-жоспарларға сәйкес баспасөз беттерінде жыл басынан бері 327 материал жарық көрді.
Діни экстремизм, терроризм көріністерін тарататын діни сайттарға қарсы тұру мақсатында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің www.centrе-uko.kz интернет сайтына діни ахуалды тұрақтандыру бағытында жыл басынан 180 іс-шара, 35 дін және заң, 35 дін және қоғам, 35 зайырлы мемлекет бағыттарында мақала, 20 кітап, 25 бейнеролик енгізілді. Жалпы алғанда дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесіне мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғам атсалысуда және үлкен үлес қосуда.
Самат САПАРБАЕВ,
ОҚО дін істері басқармасының басшысы.