Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» ұйымдастыруымен Өскеменде «Мемлекет пен дін ынтымақтастығы-қазақстандық қоғам тұрақтылығының басты кепілі» атты облыстық семинар болып өтті. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ауқымды жиынға ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы, Семей аймағының өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай және қала, аудан имамдары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат мамандары мен ғалымдар қатысты.
Жиында сөз сөйлеген ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы «Радикалды діни идеологияға ұшыраған адамдарды оңалту, радикалды көзқарастан арылту және қайта әлеуметтендіру, алдын алудағы мемлекеттік органдармен бірлескен қызметінің аспектілері» тақырыбында баяндама жасады.
Ермек қажы Тасболатұлы өз баяндамасында: «Деструктивті діни ағымдарға қарсы күресте ҚМДБ пәрменді күрес жүргізіп келеді. Бүгінде теріс діни ағымдардың қоғамға қауіптілігі әр қырынан зерттеліп, мәселеге қатысты діни және құқықтық тұжырымдар әзірленді. Өңірде білікті имамдардан құралған теологтар тобы бұл салада нақты мақсатта жұмыс жасауда», - деді Ермек қажы Тасболатұлы. Ол сондай-ақ, бүгінгі таңда жасалып жатқан шараларға кезек-кезегімен тоқталып өтті.
Жиында ШҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директоры Ернат Қыдырмоллаев орталықтан жасалып жатқан шараларды таныстырып, облыс бойынша білікті имамдардан құралған теологтар тобының жұмыс мақсаты туралы кеңінен таныстырды.
Басқосуда сонымен бірге бірқатар ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдерімен мемлекеттік органдардың мамандары баяндамалар жасап, өз ойларын ортаға салды.
Семинар барысында ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы жергілікті телеарнаға сұхбат беріп, деструктивті діни ағымдарға қарсы өкілдіктен жасалып отырған шаралар жайлы баяндады.