Осы жылы Қостанай облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде туристік-өлкетану жұмысын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл туралы бүгін облыстық кәмілетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырысының барысында облыстық білім беру басқармасының басшысы Бәтима Даумова хабарлады.
Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі міндеттерін іске асыру аясында маңызды болып табылады. «Экологиялық-туристік алаңқайлардың, мектеп орманшылықтарының қызметі, өңірдің киелі жерлеріне бару арқылы және туристік бағдарларды әзірлеу арқылы туған өлкеге өлкетанушылық экспедиция ұйымдастыру жоспарлануда, - деп мәлімдеді Б. Даумова.
- Жүйеде бұл жұмыс облыстың оңтүстік өңірлерінде: Арқалық қаласында, Амангелді және Жангелді аудандарында, сондай-ақ Әулиекөл, Жітіқара, Қарасу, Қостанай және Сарыкөл аудандарында қойылған». Мәселен, Жітіқара ауданында «Туған жерім – алтын бесiгiм» жобасының шеңберінде 350 оқушы тарихи-өлкетану мұражайларына, киіз үйлі ауылдарға бару арқылы туристік экспедиция жасайды. Жобаны іске асыру нәтижесінде Жітіқара ауданының туристік бағдарларының интерактивті картасы әзірленетін болады. Бұл идеяны ішкі мектеп туризмін дамытудың маңызын атап өткен облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев қолдады.
«Өткен жылы ЭКСПО-2017 болып, балаларды сонда апарғаны түсінікті. Көршілес аудандарға апаруға болады, бізде Наурызым қорығы, бүкіл облыс бойынша киелі жерлер бар. Өзіміздің ішкі мектеп туризмін дамыту қажет. Мысалы, Рудныйға екі күндік сапар, оның көрікті жерлерін аралау, ССТӨБ комбинаттарына барып қайту. Бұл балаларға қызықты болмақ», - деп есептейді М. Жүндібаев.
Сондай-ақ, облыста «Өлкетану» базалық жобасының шеңберінде маусымның алғашқы күндерінде елорданың мерейтойына орай турист-экологтардың облыстық слетін өткізу жоспарланып отыр.
«Жазғы маусымда балалардың үздіксіз дамуына 34 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамтитын 2 мың үйірменің жұмысы септігін тигізеді. Жазғы уақытта «Рухани жаңғыру» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде білім беру ұйымдарында орнатылған 21 роботты техника кабинетінің барлығы жұмыс істейді», - деп мәлімдеді бейінді ведомство басшысы.
Б. Даумованың ойынша, тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға жазғы тілдік алаңқайлардың, белсенді көшбасшылар мектептерінің, олимпиадалық резервтің қызметі де көмектесетін болады.
Оның сөзіне сүйенсек, жазғы уақытта «қатер тобындағы» балалардың бос болмауы білім беру органдары мен ұйымдарының ерекше бақылауында болуы тиіс, әсіресе бұл бірден бірнеше ауданға, атап айтқанда, жазда әрбір екінші қылмысты жасөспірім жасайтын Әулиекөл, Денисов, Меңдіқара аудандарына, Лисаковск қаласына қатысты. Сонымен қатар, бұл өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының қатері дәл осы жазғы демалыс кезінде жоғары болып саналатын аудандарға да қатысты.
«Біздің ортақ мінетіміз – құқық бұзушылықтар мен өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының өсуіне жол бермеу. Әрбір өңір психологиялық қолдауға мұқтаж балаларға психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған тренингтік алаңқайлардың қызметін қарастыруға тиіс. Білім беру басқармасы «Жасөспірімдердің әумесерлік мінез-құлқының алдын алу орталығы» жобасын іске асыруды бастап кетті, жазғы маусымда жасөспірімдерге онлайн-консультация арқылы психологиялық көмек көрсету жөніндегі «Шығатын жол бар» жобасы да іске асырылады», - дейді Б.Даумова.
Жалпы алғанда, ведомствоның ақпараты бойынша, балаларды демалыспен және сауықтырумен қамту туралы болжамдық деректер облыс бойынша 95,3%-ды құрайды.