Жобаға шаһардағы қайырымдылықпен айналысатын барлық қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Олар тағдырдың тауқыметін тартып, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсеткен. Осылайша, жомарт жандар ірі мегаполистегі кейбір әлеуметтік мәселелерді шешуге септігін тигізді.
Жоба аясында ата-анасының қамқорлығынан айырылған және науқас балаларға көмектескен қоғамдық ұйымдардың еңбегі ескеріліп, қаржылай сыйлықпен марапатталды. Мәселен, бірінші орынға 1 миллион теңге ақшалай сыйақы берілсе, екінші орынға 700 мың, үшінші орынға 500 мың теңге табыс етілді.
Шараның бастамашысы болған «Нұр Отан» партиясының өкілдері үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жетілдіру арқылы азаматтық қоғамды дамыту қаланың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне ықпал ететіндігін айтты.
Байқаудың басты мақсаты әлеуметтік бастамашыл жобаларды қолдау, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге, өмірде қиындыққа тап болған жандардың тұрмысын оңалтуға бағытталғанын ескерсек, бұл тұрғыда алматылық жаңашыл азаматтар көтерген мәселелері өзгелерге өнеге боларлық.
Жеңімпаз атанудан үміткерлер арасында үкіметтік емес және мүгедектер ұйымдары, тұрғындардың әлемуеттік мәселелерін шешуге бағытталған жемісті жұмыстарымен көзге түскен өзге де құрылымдар болды.
– Әлуметтік жобалар бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерліктің өзі белгілі бір деңгейге көтерілді. Олар тек қана қажетті қаражат табудың жолын үкіметтен күтіп қана қоймай, өз беттерінше де қаржыландырудың барлық жолын қарастыруда. Байқауға келіп түскен жобаларды керемет дүниелер қатарына қосуға болады. Мысалы, ертерек жүйке ауытқуы бар адамдарды қамап ұстайтын. Қазір науқастарға көзқарас өзгерді, олар оңалтудан кейін елге қызмет ететін деңгейге жетті. Бұл жаңа жобалардың арқасында іске асты. Демек, біз болашақта да әлеуметтік жобаларды дамытуымыз керек. Осылайша, жақсылық жасаудың алғышарттарын қалыптастырамыз. Биыл «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық байқауының өңірлік сынағына 18 жоба ұсынылса, келесі жылы бұл көрсеткіш еселеп артатындығы даусыз. Алматы – ең белсенді қала. Жобаларымыз бес жылдан бері бірінші орынды бермей келеді. Кез келген жоба автор үшін өз баласы секілді. Олар жобаларын мемлекетке көрсетіп қана қоймай, бұл модельдері арқылы қоғамды ілгерілетуге күш салады. Айталық, маған радиожоба өте ұнады. Ұжымда түгел кемтар жандар жұмыс істейді. Бірақ радио тыңдаушылары бұл мәселеден хабардар болмауы мүмкін. Міне, жаңалықтың шынайы көрінісі осында болып тұр. Алдыңғы жылы бір азамат мүгедектерге арналған жобасымен қатысты. Ол пантустарды жиналмалы етіп жасаған. Кәдімге ғимарат қабырғасына жабысып тұратын құрал ешкімге кедергі келтірмейді. Осы секілді жағымды жаңалықтар биылғы байқауда да баршылық, – дейді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова.
Мемлекетте қандай ілгерлеу болса да, сол қоғамда көмек пен қолдауды қажет ететін азаматтар болады. Азаматтық салада қандай өзгерістер болып жатқаны қазақстандықтардың көз алдында. Жаңа ұйымдар құрылуда. Жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мұрындық болып жатқан солар. Бәрінің мақсат-мүддесі – тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын жақсарту.