$ 498.34  519.72  4.85

Денсаулық – әркімнің өз қолында

1997 жылдан бері қыркүйек айында өткізіліп келе жатқан Денсаулық фестиваліне жезқазғандықтар да үн қосты. Биыл аталмыш фестиваль «денсаулығым керемет – жаттығуға көп рахмет» ұранымен өтті. Осылайша, қала тұрғындары сенбілік таңын жаттығудан бастады.

Денсаулық фестивалі жаппай жүгіруден бастау алды. «Халық банкі» ғимаратының алдына жиналғандар асқан ұйымшылдықпен бірін-бірі озбай Алқашқы құрылысшылар алаңына дейін жеңіл жүгіріспен барды. Асыл тобының спорт биімен шымылдығы түрілген кездесудің алғы сөзін аймақтың бас дәрігері Ләззат Ранова алды.

– Елімізде тұрғындар саулығын сақтау бағытында түрлі ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Елбасының жыл сайынғы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында да халықтың денсаулығын қорғау мәселесіне айрықша мән беріліп, нақтылай тапсырмалар жүктелуде. Халқымызды салауатты өмір салтын ұстануға, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге үндейтін бұл міндеттер қашан да өзекті. Құрметті, қала тұрғындары денсаулықтың мықты болуы біріншіден тікеле» өздеріңізге байланысты екенін ұмытпасаңыздар дейміз. Ұдайы салауатты өмір салтын таңдап, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданыңыздар. Бойларыңызды жаман әдеттерден аулақ ұстап, келешек ұрпаққа да бұны үйретіңіздер, - деген денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ляззат Нәбиқызы көппен бірге жаттығуда бой түзеді.

Биылғы жаттығу бұрынғыларға қарағанда өзгерек болды. Атап айтқанда, «Зумба фитнес Жезказган» командасының инструкторы Зульфия Кинаянова 40 минут бойы көңілді музыканың ырғағымен көпті билетті. Зумба биі – қазіргі таңда әлемдегі өте танымал фитнес бағдарламалардың бірі. Ол – арнайы дайындықты қажет етпейтін, африка тайпаларының, латиноамерикалық билердің, сондай-ақ шығыс «қарын» биі (немесе танец живота), фламенко, рок-н-ролл және хип хоп билеріне негізделген ерекше заманауи бидін түрі болып табылады. Әртүрлі музыкалық ритмдердің әуеніне оңай қимылдарды қайталаған фестиваль қатысушылары бір серпіліп, көңіл-күйін көтерді. Жаттығудан соң қаладағы отбасылық дәрігерлік амбулатория дәрігерлері мен медбикелерінен құралған женсаулық бұрышында қан тапсырып, қан қысымын өлшеуге мүмкіндік болды. Сонымен қатар жезқазғандық ақ халаттылар түрлі мазмұндағы жадынамаларды таратып, денсаулықтың кілті спортта екенін түсіндіріп жатты. Сонымен қатар, жыл басынан қолданысқа енгізілген «Даму med» жүйесіне тіркелу мен оны пайдалу жөнінде шеберлік-сыныптарын өткізді.

Денсаулық фестивалін өткізудегі түпкі мақсат бұқара халықтың назарын денсаулықты сақтау мен нығайтуға аудару және салауатты өмір салтын ұстануға әр азаматтың ортақ жауапкершілігін арттыру болып табылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары