$ 494.87  520.65  4.91

«Оқушылар неге жаңа оқулықпен қамтамасыз етілмейді?»: Ата-ана Білім министріне үндеу жолдады

Ата-ана Білім министрі Ерлан Сағадиевке видеоүндеу жолдады. Айтуынша, 2016 жылғы 1-сыныпқа арналған оқулықтар жаңа оқу жылына жарамайды екен. Себебі ондағы берілген тапсырмалардың барлығы өткен жылы жазылып-сызылып қойыпты.

«Құрметті Ерлан Сағадиев мырза, сізге екі сұрақ қойғым келеді. Биыл 1-сынып табалдырығын аттағандарға неліктен оқулықтар таратылмады? Сауат ашу, математика, ағылшын тілі оқулықтары 2016 жылы жаңа оқу бағдарламасы енгізілгелі бері таратылып келеді. Бірақ өкінішке қарай бұлар 1-сыныптарға толығымен жарамайды. Себебі, кітаптың кез келген бетін ашып қарасақ, тапсырма берілген. Бала тапсырманы орындап, дұрыс жауаптарын жазуы қажет. Алайда, былтырғы 1-сынып оқыған балалар берілген тапсырманы кітапқа көрсетіп тастаған. Яғни, келесі жылы 1-сынып оқитын өзге балаға ойлануға мүмкіндік қалдырмаған. Дәл осы сияқты басқа оқулықтарда да көрсетілген. Бұл оқулықтар алдыңғы жылғы 1-сынып оқыған балалардың бояу-сызуға арналған «шимай құралы». Бұлар 1-сыныптарға жарамайды», – дейді келіншек.

Бұдан басқа ол министрге жаңартылған оқу бағдарламасы енгізілгелі бері мектеп оқулықтары бизнеске айналып кеткендігі жайында айтқан. Яғни, кез келген пәнге арналған жұмыс дәптерін мектеп таратпайды. Оны ата-аналар 10-15 мың теңгеге сатып алуы қажет. Алайда, барлық ата-ананың ол жұмыс дәптерін сатып алуға шамасы келе бермейді. Яғни кейбір бала мектепке жұмыс дәптерінсіз келеді. Осыдан кейін балалар арасында салыстырушылық пайда болып, алауыздық туатын көрінеді.

Министрге видеоүндеу жолдаған ана бұл барлық ата-ананың көкейінде жүрген сұрақ екенін жеткізді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары