Жоғалған жүк пойызы Украинадан Қытайға еуропалық тауарларды тасымалдамақ болған. Ресейді айналып өтпек болған ол Қазақстан аумағындағы жаңа "Жібек жолы" бағытымен қозғалған көрінеді.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, ҚТЖ-ның баспасөз қызметі аталған құрамның қайда екенін нақты айта алмай, ел аумағымен жүріп бара жатыр деп қысқа қайырыпты.
Дереккөздің хабарлауынша, кешегі демалыс күндері еуропалық пойыздың вагондарын жергілікті көлік компанияларының бірі Балқаш станциясында локомотивтен ажыратып алған. Айтуларынша, Украина тарапы тасымал үшін тиісті қаражатты төлемеген көрінеді. Бұл ақпарат ресми расталмағанымен, қазақ-қытай шекарасындағы Достық станциясына аталған пойыздың бармағаны белгілі.
Айта кетейік, Украина — Грузия — Әзірбайжан — Қазақстан — Қытай бағытындағы эксперименталды пойыз 15 қаңтар күні жолға шыққан болатын. Жол бойы ол екі теңізден өтіп (Қара теңз бен Каспий теңізі), Қазақстан аумағына кірген. Экперминталды пойыз болғандықтан оның вагондарына ауыр жүк артылмаған.
Бұған дейін Қытайдан Еуропаға дейін пойыздар Ресей арқылы жүретін. Ол кезде бір нүктеден екінші нүктеге жету үшін тура 30 күн уақыт кететін еді. Ал, жаңа бағыт бұл жолды бірнеше есеге қысқартып, уақыты 9 күнді құрап отыр.