Ең алғашқы оқиға 26 қаңтар күні орын алған. Төлеби ауданында 13 жастағы қыз баланы мектептен қайтар жолда белгісіз ер азамат зорламақ болған көрінеді. Ол оқушыға 2 мың теңге беретінін айтып, адам көзінен таса жерге бірге баруды ұсыныпты. Тіпті, көше ортасында жыныс мүшесін де көрсеткен.
Қорыққан қыздың жан дауысы шығып айқайлап, адамдарды көмекке шақырыпты. Ал, азғын болса дереу ізін суытып үлгерген. Болған жайтты жеткіншектің ата-анасы естіп, дереу полицияға хабар беріпті.
Тәртіп сақшыларынан құралған арнайы топ жасы 30-дар шамасындағы күдікті ер азаматты іздеуге кіріскенде дәл осыған ұқсас жайт келесі күні аудан орталығы Ленгер қаласында да орын алды. Оқиғалардың желісі бірдей. Тек бұл жолы азғыннан зәбір көрген 12 жасар қыз. Күдікті көшеде адам жоғын пайдаланып, оны да зорламақ болған көрінеді. Алайда, оқушы қыз азғынға қарсылық көрсетіп, үйіне дейін қашып барған. Оның ата-анасы полиция хабар беріп, бұл жолы құқыққорғаушылар күдіктіні дереу қолға түсірді.
Полицейлердің айтуынша, азғынды ұстауға жаңа жауған қар көмектескен. Тәртіп сақшылары ізге түсу арқылы күдіктіні оңай тауып алыпты.
Ұсталған азамат 1984 жылы туған, ол Шымкенттегі уақытша ұстау абақтысына жабылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Ленгер тұрғындары ұсталған азғынның полция қызметкері екенін айтып даурығуда. Алайда, аудандық ішкі істер басқармасы оның аталған салаға еш қатысы жоқтығын, жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғын екенін ресми мәлімдеді.