Биыл сәуір айындағы митингтерден кейін құрылған Жер реформасы туралы комиссия өз жұмысының алғашқы қорытындысын тамыз айында шығаруы тиіс. Бүгін премьер-министр Кәрім Мәсімовті қабылдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үкімет басшысына осындай тапсырма берді.
– Тамыз айының соңында біз Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, алдын-ала қорытындыларын жасау және ары қарайғы іс-қимылды айқындау үшін барлық аталған мәселелердің шешімін әзірлеуді сұраймын, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, комиссияның келесі отырысы ертең – 23 шілдеде Атырауда өтеді. Комиссия мүшелері сәуір айынан бері Астана мен еліміздің бірнеше қаласында халықпен кездесулер өткізіп, жерді сату мен жалға беру мәселесін талқылауда. Осындай жиындардың бірінде белгілі саясаттанушы Дос Көшім алдағы 50 жыл көлемінде жер реформасын жүзеге асыруға мүлдем болмайды деген пікірін айтқан болатын.
– Реформа жүргізу үшін екі мәселенің басын ашып алғанымыз дұрыс. Алдымен, реформаны халық қабылдауы керек. Халықтың соны түсінетін деңгейі болу керек. Екіншіден, сол реформаны жасайтын топ болу керек, ол - үкімет. Менің пікірімше, қазіргі қазақтың менталитеті жерді сатуға болмайды дегенге келеді, шетелдіктерге жалға бермеу дегенге келеді. Мүмкін елу жылдан кейін өзгеретін шығар бұл менталитет. Екінші мәселе, менің өзімнің жеке пікірім, қазіргі билікке ешқандай реформа жасауға рұқсат бермес едім. Темір жол билетін сататын кассасынан бастап премьер-министріне дейін жемқорлық жайлаған елде реформа жасау өте қиын болады. Не болмаса ол реформа өзінің нәтижесін бермейді, - деген еді комиссияның мүшесі.
Дос Көшімнен өзге осы комиссияның құрамына кірген Мұхтар Тайжан мен Айдос Сарым сынды азаматтар да жердің сатылуына және жалға берілуіне қарсылықтарын білдіріп отыр. Енді вице-премьер Асқар Мырзахметов осы пікірлерді ескере отырып, Елбасына алғашқы қорытындыларды баяндауы тиіс.