Бүгін сотта теракт жасады деп айыпталып жатқан Руслан Күлекбаев соңғы сөзін айтты деп жазады Informburo.kz.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушылар судьядан Күлекбаевқа өлім жазасын кесуді сұраған болатын. Лаңкестің өзі болса өлімге дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында прокурор Күлекбаев пен сотталып жатқан өзге 5 адамның бұған дейін сыбайлас болғанын және олардың жасаған қылмыстарының бәрі дәлелденгенін айтқан болатын. Күлекбаев теракт жасаған қару-жарақ сыбайластар арасында еркін айналымда болған.
Айыпталушы Сапарбеков өзінің соңғы сөзінде лаңкестікке қатысы жоқ екенін тағы қайталады.
"Мен Күлекбаевпен дос болғаным рас. Бірге тұрдық. Бірақ, оның шолақ мылтығын қолыма ұстаған емеспін. Мен оны еш тоқтата алмайтын едім. Мемлекттік айыптаушының тағып отырған айыптарымен толық келіспеймін. Адамдардың өліміне менің қатысым жоқ", - дейді Сапарбеков.
Айта кетейік, айыпталып отырған алты адамның барлығы да салафилік бағытты ұстанушылар.