$ 498.34  519.72  4.85

Құтқарушылар ақтаулық оқушыларға кезекті экскурсияны ұйымдастырды

Ақтаудағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бүгін тағы да қонақтарды қарсы алды. Құтқарушылар күніне орай бұл жерге мектеп оқушылары келіп, құтқару техникаларымен танысты және нағыз ер азаматтарға тән осынау қиын кәсіптің түбіне бойлады.

Айта кетейік, экскурсия Ақтаудағы №7 орта білім беру мектебінің 3-ші сынып оқушылары үшін ұйымдастырылды. Өрт сөндірушілерге жалпы 40-тан астам бала келді.

Іс-шараның басы түсіндіру жұмыстарынан басталды. Өрт сөндірушілерді дайындау кәсіби мектебінің ұстазы Жанар Нұрбергенова өрттің тілсіз жау екенін, оның салдарының қандай болатынын кішкентай балаларға түсіндіріп айтып берді. Сондай-ақ, ол өрт қауіпсіздігін қалай сақтау керектігін де көрсетті.

«Түсіндіру жұмыстарын, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар туралы қызықты әңгімелерді оқушылар әуестене тыңдады. Олар тіпті, сұрақ қойып, пікір алмасуға дайын тұрды. Бәрінің көздерінде оты бар, қызығушылық танытып отыр. Менің ойымша, мұндай кездесулерді жиі өткізу керек, оқушылар өрттің салдарының қандай болатынын көзбен көруі тиіс, әрине өмірде емес, біздің музейде. Осындай экскурсиядан алған тәжірибесі оларға өмір бойына қажет болады», - дейді Жанар Нұрбергенова.

Экскурсия барысында оқушыларға өрт сөндіру көлігі көрсетіліп, оның тетіктері таныстырылды. Атап айтқанда, өртт сөндіру кезінде пайдаланылатын қондырғының қалай жұмыс істейтіні көрсетілді. Сондай-ақ, кішкентай балалар өрт сөндірушілердің киімдерін киіп көріп, өрт сөндіру көлігінің кнопкаларын басты, өздерін де осынау кәсіп иесі сезінді.

Мұнан кейін оқушыларға құтқарушылардың құрал-жабдықтары көрсетілді: гидравликалық қайшылары, кеңейткіштер, гидроцилиндр, домкрат және тағы басқаларының қалай жұмыс істейтінін мектеп шәкірттері өз көздерімен көріп қайтты.

Экскурсия мұнымен біткен жоқ. Шара соңында құтқарушылар оларды АЛ-32 сатысымен 10 метр биіктікке көтеріп, Ақтауды жоғарыдан көруге мүмкіндік жасады. Ал, қоштасар сәтте оқушылар сүйікті кәсіп иелерімен суретке түсіп, өрт сөндіру көліктерімен мектептеріне кетті.

Айта кетейік, оқушылардың өрт сөндіру бөліміне экскурсия жасауы Ақтауда дәстүрге айналған. Өрт қауіпсіздігі сабағын ақтаулық балалар тек теория жүзінде емес, тәжірибеде де жүзеге асырып келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары