$ 498.34  519.72  4.85

Ақтауда жас құтқарушылардың ант беру рәсімі өтті

Маңғыстау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және құтқару жұмыстары қызметі жаңа жас құтқарушылармен толықты. Мұнда қатарға қосылған сарбаздар ант беріп, Отан алдында адал еңбек етуге уәде берді. Айтулы іс-шара Құтқарушылар күніне орай ұйымдастырылған.

Биыл ант беру рәсіміне 44 жас құтқарушы қатысты. Олар болашақта өрт сөндіріп, апатты жағдайда адамдарға қол ұшын созумен айналысатын болады.

Ақтаудағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өткен салтанатты шараға облыстық ТЖД басшылары мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітмолда Мұқанов қонақ ретінде қатысты.

Құтқарушылар күні мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында мына жас қыз-жігіттер ант қабылдап жатыр. Біздің жас құтқарушыларымыз болашақта білікті маман, тәртіпті және бастамашыл сарбаз боларына сеніміміз мол. Бұл жас ұрпақ құтқарушы ағаларының жолын жалғайтынына қуаныштымыз», - дейді Маңғыстау облыстық ТЖД басшысының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Рамиль Камалов.

Оның айтуынша, өрті сөндіруші – ол жай қатардағы мамандық емес. Кез-келген адам бұл кәсіпті игеріп шыға алмайды. Тек батылдары ғана, өзгелерді құтқаруға жаны жақындары ғана өрт сөндіруші бола алады. Жұмыс ауыр, бірақ сол ауыртпашылыққа тұрарлық. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар ешқашан өз жұмыстары үшін біреуден рахмет тілейтін маман иелері емес дейді Рамиль Камалов.

Айта кетейік, дәл осындай іс-шара биыл Жаңаөзен қаласында да өткен болатын. Ол кезде Отан қорғаушылар күні және Ұлы жеңіс күндері қарсаңында 57 жас құтқарушы ант қабылдап, Отанға адал еңбек етуге уәде берді.

Ақтаудағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жас мамандарды тәрбиелеумен қатар мектеп оқушылары арасында өрт қауіпсіздігі туралы тәжірибелік дәрістер өткізуді де әдетке айналдырған. Мұнда кіші сынып оқушылары жиі келіп, құтқарушылардың және өрт сөндірушілердің жұмысымен танысып отырады. Сондай-ақ, арнайы музейден өртенудің салдары туралы экспонаттарды тамашалап, қауіпсіздік пәнін осы өрт сөндіру бөлімінде өткізуді дәстүрге айналдырған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары