Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Қазақстан Аруы-2015» 19-шы республикалық байқауының жеңімпазы болып 17 жастағы ақтаулық сұлу Әлия Мергенбаева танылды.
Биыл «Қазақстан Аруы-2015» жеңімпазын қазақстандықтар онлайн және СМС дауыс беру арқылы таңдады. Жеңімпаздың есімін жариялау үшін сахнаға Олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров шықты. Еске сала кетсек, ақтық кезеңге қазылар алқасының шешімімен 5 ару өткен болатын.
Байқауға Қазақстанның әр облысынан 30 үміткер қатысты. Байқауға қатысып отырғандардың ішінде журналист, халықаралық заңгер сынды мамандық иелері бар. Тіпті, мектеп оқушылары да бағын сынай келген.
«Қазақстан Аруы-2015» жеңімпазына 5 миллион теңге сыйлықпен қатар этностильдегі қыз жасауы тарту етілді. Қазақтың дәстүрлі қыз жасауы «Алтын орда» авторлық дизайн үйі шеберлерінің қолымен жасалған. Салтанатты жиынтыққа «Махаббат көрпесі», сандықтар, «Бедерлі өрнектер» шал жастығы, қолдан тігілген жастықтар, сондай-ақ дәстүрлі дастарқан кіреді. Осының барлығын ұлттық дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа дәріптеуді мақсат тұтып отырған этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада жасап отыр.
Қазылар алқасына тағайындалған адамдардың ішінде еліміздің танымал әрі құрметті азаматтары: Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, «Астана» футбол клубының бас менеджері Қайсар Бекенов, ғарышкер Айдын Айымбетов және актриса Әсел Сағатова болды.
Сонымен бірге, қазылар қатарына «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин, велошабандоз Александр Винокуров, «Астана Жастары» жастар орталығының басшысы Әнуар Нұпейісов, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің этно-дизайнері Ырза Тұрсынзада және «Қазақстан Аруы» байқауының президенті Алена Ривлина-Кырбасова кірген еді.
Қолдан тігілген ұлттық киім кию және кешкі көйлектермен сахнаға шығу номерінен кейін финалға шыққан бес арудың аты-жөні аталды, олар: Ақтау аруы Әлия Мергенбаева, ол 17 жаста; Астана аруы Камилла Темірова, ол 21 жаста; Қарағанды аруы Рената Нұрғазина - 18 жас; Талдықорған аруы Айдана Қанайева - 19 жас, Орал аруы Вероника Залата - 18 жас.
Шешуші кезең халық арасынан дауыс жинау болды, ол тікелей эфирде sms-дауыс беру арқылы өтті. Бірақ дауыс беру нәтижелерін жария етудің алдында ақтық сынға шыққан бес ару қазылар алқасының сұрақтарына жауап берді. Осылайша көрермен қатысушылар туралы толығырақ мәлімет ала алды.
Мәселен, 17 жастағы Әлия Мергенбаевадан қандай кітаптарды оқитыны жайлы сұралды. Әлия кітап оқымайтынын, бірақ Интернетте қызықты оқиғалар жайлы оқығанды ұнататынын айтып берді. Ал қарағандылық 18 жастағы Рената Нұрғазинаның ет тағамдарын жемейтіні белгілі болды.
Конкурс жеңімпазы 5 миллион теңге ақшалай сыйлыққа, қазақтың дәстүрлі жасауына, сонымен қатар Қазақстанды "Әлем аруы-2016" халықаралық конкурсында таныстыру мәртебесіне ие болды.