Ақтауда жергілікті полиция қызметінің мамандары «Мен және менің полициям» атты дәстүрге айналған акциясын биыл да өткізді. Шараның сақсаты – мектеп оқушыларының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолда жүру ережелерін үйрету. Акция Ақтау қаласындағы орта мектептердің бәрінде өтті.
Аталған шаралардң бірі 12-ші шағынаудандағы №13 орта мектепте өтсе, екіншісі 27-ші шағынаудандағы №16 мектепте ұйымдастырылды.
«Кіші сынып оқушларын біз адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық орындарда өзін қалай ұстау керектігін үйреттік. Мәселен, жеделсатының ішінде бейтаныс адам тұрса оның ішіне кіруден бас тарту керектігін айттық. Бала мұндай жағдайда жеделсатының босағанын күтуі керек немесе үйінде болса ата-анасына хабарласқаны жөн. Сондай-ақ, кішкентай балалар бейтаныс адам ұсынған тәттілерден де бас тартуы қажет. Ал, егер танымайтын адам келіп тиіссе, бір жаққа шақырса барынша дауыстап көмекке өзгелерді шақыру керек. Осыларды бастауыш сынып оқушыларына түсіндірдік», - дейді Ақтау қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің инспекторы Мұстафа Сұлтанбаев.
Бұлардан бөлек кішкентай оқушылар жолды қалай өту керектігіне, жалғыз қалғанда есікті кімге ашуға болатынына, бөтеннің көлігіне қандай жағдайда отыру керектігі секілді сұрақтарға жауап берді.
Полицейлер бастауыш сынып шәкірттерін сондай-ақ, үйдегі қауіпсіздікке де баулыды. Өкінішке қарай, төтенше жағдайлар үйдің өзінде де орын алып жатады дейді тәртіп сақшылары. Бұған Маңғыстау облысында 4 жасар қыздың үстіне теледидар құлап кетуі мысал бола алады. Қайғылы жағдайдың салдарынан сәби ол кезде қайтыс болып кеткен еді. Сондықтан, үйде де қауісіздік шараларын сақтаған жөн. Атап айтқанда, сіріңкемен ойнамау, электр плитасын мүлдем қоспау, тұрмыстық техниканы ата-ананың қарауынсыз пайдаланбау, қабырғаға ілінетін теледидардан аулақ ойнау секілді.
Естеріңізге салайық, осыдан екі аптадай уақыт бұрын ақтаулық оқушылар мен студенттер «Стоп ДТП» қоғамдық ұйымы бастаған флэшмобқа атсалысатынын айтқан болатын. Аталған шараның талабы біреу-ақ: түнгі уақытта жолдан өтер кезде ұялы телефонның шамын жағып, жарығын жүргізушілерге қарай түсіру. Осының арқасында жолдағы қайғылы жайттарды азайтамыз дейді ұйымдастырушылар. Ал, ата-аналар мен мұғалімдер болса бұл бастаманы бірауыздан қолдап отыр.