«Украина халықаралық әуе желілері» компаниясының бірнеше жолаушысы Киевтен Одессаға ұшатын рейске міне алмады. Бұл туралы SN.kz тілшісі «Украинская правда» сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдын ала ақпарат бойынша, әуежай қызметкерлері жолаушыларды терминалдан ұшаққа жеткізіп үлгермеген. Ұшақ жолаушыларсыз ұшып кеткен.
Әуе компаниясы өкілі қызмет көрсетуші Aerohandling компаниясының кесірінен 30-ға тарта адамның ұшаққа мінбегенін хабарлады.
Aerohandling бас директоры Олег Голохвастов бұл келеңсіздікке жолаушылардың бірінің денсаулығы себеп болғанын алға тартады.
«Алдын ала диагноз бойынша, жолаушы микроинсульт алған. Біз осы келеңсіздікті қалпына келтіру үшін жедел әрекет жасаймыз, жолаушылар Одесссаға жеткізіледі», — дейді Голохвастов.
Айта кетейік, сәуір айында Лондоннан Лиссабонға қатынайтын рейс те жолаушыларсыз ұшып кеткен болатын.