Тура бір апта бұрын 67 жастағы Светлана Баленко мен 30 жастағы ұлы ауыр жағдайда ауруханаға түсіп, оларға жәндіктерді өлтіретін құралдан улану диагнозы қойылған. Қазір олар жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды КТК.
Оқыс оқиға осыдан бір апта бұрын болған. Маринаның анасы үй ішіне жәндіктерге қарсы дәріні сеуіпті. Тарақанды жоямыз деп қарақан бастары уланды. Алғашында ұлы, келесі күні өзі ауруханаға түсіп, комадан бір-ақ шығады. Бірақ, улануға себепкер болған дәріні дәрігерлер қойған диагноздан кейін ғана біліпті. Бұл дәрі Светлана Баленконың қызына да әсер етіпті.
Марина Баленко:
- Анамды дүйсенбі күні ауруханаға алып кеткеннен соң, келесі күні менің де жағдайым нашарлады. Тіпті қазірдің өзінде әзер тұрмын.Әйтпесе үйде екіүш сағат қана болғанмын. Халық бұл дәрілердің зиян екенін біліп, абай болса екен деймін. Сондай-ақ, мұндай адам өміріне қауіп төндіретін препараттарды жасап шығарғандарды жазалау керек.
Ал қолдан келген көмекті аяған жоқпыз деген дәрігерлер науқастардың дер кезінде қаралмай, уақыт өткізіп алғанын айтады. Сөйтіп өкпесі істен шыққан.
Гүлмира Тойбаева, Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Қазір науқастардың жағдайы ауыр. Бізге олар дер кезінде жеткізілмеген. Енді жансақтау бөлімінде жатыр. Сондай-ақ, жасанды аппаратпен тыныс алуда. Тиісті ем-шара жүргізілуде.
Зардап шегушілер үйдегі жәндіктерді өлтіруге «Палач» деген атауға ие ресейлік өнімді қолданған екен. Улағыш заттардың құрамында қауіптілік деңгейі орташа заттар бар көрінеді. Нұсқаулықта үйде адам жоқ және терезелері ашық болған жағдайда ғана қолдануға болатындығы көрсетілген. Осылай деген мамандар уланудың себебі қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан дейді.
Айзат Молдағасымова, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:
- Біз үйіне шығып, қызымен үйінде қалған препараттарды тауып алдық.
«Палач» деген препарат болып шықты. Тағы бір препарат «Пасбуд» деген. Ол екі препаратты бүгінде тексеруге зертханаға өткіздік. Содан кейін үйдін ішіндегі ауаны өлшеуге алдық.
Қаланыі кез келген сауда орындарында қолжетімді түрде сатылуда. Сатушылар дәрілердің жәндіктерді өлтіруге тез және жақсы әсер ететінін айтты. Дегенмен, оларды қалай қолдану керектігі, бір-бірінен қандай айырмашылығы бар екендігі жайлы айтып бере алмады.
- Бұл иіссіз, жақсы көмектеседі. Ал мынау ұнтақ түрінің иісі бар, сумен болады, жай себесің.
- «Палач» түпнұсқасы ма?
- Қандай айырмашылығы бар?
- 1000 теңге тұрады. Түпнұсқа емесі 600 теңге. Түпнұсқасы дұрысырақ әрине. Ол тиімді. Түпнұсқасы да жасанды болып шықпаса игі.
- Қауіпті ме? Қауіпсіз бе?
- Иә. Қауіпті болса, шығармаушы еді.
Оқиғаға орай, жауапты мекемелер қажетті шараларды жасап, әлгі уландырған заттарды зертхана жағдайында тексеруде. Тіпті, зардап шегушілердің көршілерінен де ақпарат алып, олардың денсаулығына қауіп жоқтығын анықтады.