Ақтөбелік азамат сотталған екі адамға бас бостандықтарын екі 2 миллион теңгеге сатпақ болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, diapazon.kz-ке сілтеме жасап.
Х.Ғалымжан есімді 41 жастағы ақтөбелік танысының ұлын бостандыққа шығарып беруге уәде берген. Сондықтан сотталған жігіттің анасы әлгі уәде берген адамға бірнеше мәрте ақша жіберген. Алайда 1,5 миллион теңге берген жәбірленуші ұлын босата алмаған. Ақырында әлгі уәде берген адамның атынан "Алаяқтық бабы" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Одан бөлек, күдікті тағы бір адамға сүйіктісін түрмеден шығарып беремін деп 760 мың теңге алған. Бірақ уәдесін орындамаған.
Осы әрекеттерінің салдарынан күдікті сотталуы керек болған. Дегенмен, оның өтінішімен сот отырысы бірнеше рет кейінге шегерілген. Оның бұл әрекетінің астары болып шықты. Ол прокуратурамен келісіп, жәбірленушілермен мәмілеге келмек болған. Кейіннен тіпті, сот отырысына келмей қойыпты. Ал оның әйелі болса, полицейлерге күйеуінің Оралға кеткенін, ал ұялы телефонын жоғалтып алғанын айтқан.
Ақырында сот қашып жүрген күдіктіні ұстап, қамауға алу туралы шешім шығарған.