Павлодар облысында 20 вагоны бар электровоз жүк пойызымен соқтығысып, рельстен шығып кетті. Апат салдарының видеосы әлеуметтік желіде пайда болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға Ақсу-1 стансасындағы Ақсу-Дегелең учаскесінде тіркелген. Ал апат орнындағы видео Instagram желісіндегі «Типичный Павлодар» тобына жарияланды.
«Алдын ала ақпар бойынша, пойыз машинисі бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кеткен. Сөйтіп, жол апатына жол берген. Аталмыш дерек «Темір жол транспортының қозғалыс қауіпсіздігі ережесін бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай тізілімінде тіркелген», - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тағы оқи отырыңыз: Пойыз темір жолда 37 жылқыны басып кетті
Маңғыстауда жүк пойызы жеңіл көлікті сүйреп кете жаздады
Апат салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазір Қылмыстық кодекстің 344-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.