Қызылордада базарда жүрек талмасы ұстап құлаған әйелді тонап кеткен. Бұл туралы жәбірленушінің құрбысы айтып берді, деп хабарлады kznews.kz.
"Біздің адамдарға не болып барады?! Жаңа ғана құрбымның сіңлісі хабарласты. Құрбым сыйлық сатып алу үшін базарға барған екен. Оны Жаңа базардың дәретханасынан тапқан. Жүрек талмасы ұстапты. Қазір комада жатыр", - дейді қала тұрғыны Елена Когай.
Әйелдің сөмкесі жоқ болып шықты. Сөмке ішінде құжаттары мен банк карталары болған. Қайта телефоны күртесінің қалтасында екен. Туыстары оны сол арқылы таба алған.
Елена Когай әлеуметтік желі арқылы оқиға куәгерлерінен көмек сұрады. Айтуынша, полиция туыстарының арызын қабылдамай отыр екен. Оның жазбасына Полиция департаментінің өкілдері пікір қалдырған.
"Жазба назарға алынды. Полиция қызметкерлері жәбірленушінің туыстарымен хабарласты", - деп мәлімдеді Полиция департаменті.