$ 444.32  473.33  4.76

Атырауда салафизм ағымын ұстанушы әйел пәтерді өртеп жіберді

Біреудің үйін өртеп жіберген 28 жастағы әйел бұған дейін де бұзақылық бойынша сотталған болып шықты.

Атырауда салафизм ағымын ұстанушы әйел біреудің пәтерін өртеп жіберді. Бар пәле әйелдің «күйеуімен» алғашқы түн өткізуінен кейін басталған, деп хабарлайды, Аikyn.kz

А.Т. Атырау қаласының тұрғыны. 28 жастағы әйел «ВКонтакте» желісі арқылы​ Орал қаласының тұрғыны Б.А.-мен танысады. Өткен жылдың желтоқсан айында басталған онлайн таныстық ұзаққа созылмайды. Арада бір ай өтер-өтпестен екеуі бір-бірімен неке қиюға сөз байласады.

Сөйтеді де «күйеу жігіт» Б.А. Оралдан Атырауға келеді. Бұл 2022 жылдың 7 қаңтары еді. Ғашықтар өзара «неке қиып», жігіт Атырау қаласындағы Нұрсая ықшамауданынан жалға екі бөлмелі пәтер алады. «Неке түнінен» кейін екеудің арасында жанжал болады. «Күйеу жігіт» әйелдің өзіне ұнамағанын айтып, талақ айтып, пәтерден кетіп қалады. Ашуға булыққан әйел «күйеу жігіттен» кек алмақ мақсатында жалға алынған пәтерді өртеп жібереді.

Неке қияр-қимастан ажырасқан екеудің салафизм ағымын ұстанушылары екені белгілі болып отыр. ​

Қазір атыраулық әйелдің үстінен іс қозғалып жатыр. А.Т-ның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 1-тармағы, 202-бап 2-бөлігі бойынша іс қозғалды. Қылмыстық істі сот қарап жатыр.

Біреудің үйін өртеп жіберген 28 жастағы әйел бұған дейін де бұзақылық бойынша сотталған болып шықты.

Қазір әйел ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Құзырлы органдардан білгеніміздей, қылмыстық із қозғалып жатқан әйел 3 000 айлық есептік көрсеткіштен 7 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл төлеуі мүмкін. Немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан шектелуі немесе осындай мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Атырау облысы  Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиевтің айтуынша, салафизм ағымын ұстанушылардың арасында бұл бірінші рет тіркеліп отырған қылмыс емес.

«Деструктивті ағым өкілдерінің арасында ұрлық, тонау, зорлық-зомбылық, есірткі сату бойынша жасалған көптеген қылмыс тіркеліп жүр. Бірақ әйел адамның қасақана үйді өртеуі – бірінші рет болып отырған жағдай. Қазір  істі болып жатырған А.Т. есімді әйел жат ағымның ұстанушысы ретінде тіркеуде тұрған. Бұл оқиға - жеке бір адамның жасаған қылмысы емес. Бұл - салафизм ағымының салт-дәстүрімізді аяққа таптауының ауыр қасіреті.
Біріншіден, неке қиюдың шарттары бар. Ата-ананың батасын алмай, қоғамға жария етпей, ашық түрде неке қиылмағаннан кейін, ондай жасырын некенің берекесі болмайды.
Соның салдарынан, талай жат ағымның жетегінде жүрген қарындастарымыз талақ алып, тірі жетім, тегі белгісіз балалар өсіп жатыр. Бұл - үлкен қасірет"- деп атап өтті Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев.

Өкініштісі, бұл жат ағымның жетегінде жүрген әйелдер тарапынан жасалып жатқан жалғыз қылмыс емес. Өткен жылы А. есімді жат ағымын ұстанушы әйел бопсалау бойынша істі болып, шартты мерзімге сотталған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары