$ 494.87  520.65  4.91

КӨЗДЕН КЕТСЕ ДЕ КӨҢІЛДЕН КЕТПЕС ЖАН ЕДІ...

Кез келген адамның балалық кезеңінде, жасөспірім шағында бір жақсыға қарап бой түзейтіні, тіпті шамасы келіп жатса ой түзейтіні де белгілі. Бүгінде жасы елуден асқан менің замандастарымның әдебиетпен ауырмағандары кемде кем. Біздің буынның ішінде ауру қатты өтіп кеткендері әдебиетке, қалғандары журналистикаға келді. Сол ел қатарлы біз де ауырғанбыз. Журналистикаға келуіміздің себебі де содан. Қуып жіберсе де сол төңіректегі ізді шиырлап жүре беретініміз де содан шығар, бәлкім...

Кітаппен өстік, кітаптың кейіпкерлеріне қарап, бой түзесек, авторына қарап, ой түзедік. Мақтанғанымыз емес, мектепті бітіргенде ауыл мен мектеп кітапханаларында біз оқымаған кітап та қалған жоқ еді. Айтып отырғанымыз, әрине, қазақ тіліндегі кітаптар. Айтып отырғанымыз, әрине, тек әдеби туындылар. Ол ол ма, «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Лениншіл жас» сияқты газет-журналдардың ішінде де біз оқымаған дүниелер қалмайтын. Ең соңында әдеби сындар мен зерттеулерді де түгін қалдырмай оқып тастаушы едік. Әдеби сын демекші, көзіқарақты оқырман жақсы біледі, сол жетпісінші жылдарда бұл жанрда әсіресе Төлеген Тоқбергенов өте жемісті еңбек етті. «Жұлдыздың» бірде-бір саны Тоқбергеновтің мақаласынсыз шықпайтын. Және әлемдік, одақтық, отандық әдеби процесті қалай-қалай талдайды десеңізші! Сөйлемдері құйылып тұрады. Әдеби сынды тура өлең оқығандай оқисыз. Сізді Тәкен Әлімқұловтың әлеміне сүңгітіп жібергені мақұл, Тоқбергеновтің талдауында Шолоховтың кейіпкерлері де жаттық танытпайды.

Ту-у қияндағы ауыл мектебінде оқитын біз үшін тірі ақын-жазушыларды көру дегеніңіз арман. Сөйтіп жүргенде... Тоғызыншыға өткен жылы біз туып, өскен кеңшарға жұмысшылар комитетінің төрағасы (ел ол қызметтегі адамды рабочком дей салатын) болып Төлеген Тоқбергеновтің келе қалмасы бар ма?! Рабочком дегеніңіз ол кезде директор, парторг, селсебеттен кейінгі дөй қызмет. Сөйте тұра анадай телегей-теңіз біліммен Алматыда ғана жүруі тиіс Тоқбергеновтің алақандай ауылға келуі қауашағыма сыймай-ақ қойды. Баламыз, жөн сұрасу былай тұрсын, амандасудың өзіне именеміз.

Біз бірінші көрген Төлеген Тоқбергенов сұмдық реңді, насат кісі еді. Бірден-ақ «ақын-жазушылардың бәрі осындай келбетті болуға тиіс» деп түйдік. Әйелі – Рәшида апай орыс тілінен сабақ береді. Ауылда тұрғанмен қаланың мәдениетімен өмір сүретін жандардай әсер қалдырушы еді. «Жұлдыздың» жаңа нөмірі шыққан сайын, ондағы Тоқбергеновтің түйдек-түйдек толғамдарын оқыған сайын рабочкомға қызыға қараймын. Көңілдің алыс түкпірінен «шіркін-ай, мен де осы кісідей бола алар ма екенмін?» деген тәтті арман балапан ашып жатады.

Біреу сенер, біреу сенбес, біз әдебиетші не журналист болуға бесінші кластан-ақ нық бекінгенбіз. Оныншыны бітіргенде қарт әкеміздің алған бетімізден қайтара алмағаны содан. «Жақын жер, Шымкентке-ақ барсайшы. Шымкенттен бітіріп келгендер де ел сұрап жүр ғой» деген. Біз Алматыға тарттық. Тұз-несібеміз көтеріліп, КазГУ-дің студенті атандық. Әрине, алдымен Алланың, сосын әкеміздің арқасы.

КазГУ-дегі алғашқы апта. Екінші парға кіргеніміз сол, аудиторияға «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Зейнолла Қабдолов ағайымыз кіріп келді. Қасында сылыңғырлау, қарасұр бір ағай бар. Төбе шашы түгелге жақын түсіп үлгеріпті... Қазір қандай екенін білмеймін, ол кезде жоғары оқу орындарының мұғалімдері галстуксіз кем жүретін. Қабдоловтың қасындағы кісі галстуксіз. Біздің орнымызға отырып болуымызды күткен атақты Қабдолов сәлден соң өзіне тән жағымды даусымен әңгімесін бастап кетті. «Сіздер болашақ әдебиетшісіздер. Әдебиетті терең игеру үшін теорияны ғана білу аздық етеді. Бұл орайда әдеби процестердің қызу ортасында жүрген адамдардың оқитын лекцияларының орны бөлек болмақ. Сіздерге «Әдебиет теориясынан» лекцияны да, семинарды да ақын Қадыр Мырзалиев жүргізетін болады. Ал, «Қазіргі қазақ әдебиетінен» лекцияны мына алдарыңызда тұрған ағаларыңыз, белгілі сыншы Төлеген Тоқбергенов оқиды» деді Қабдолов.

Дәл сол сәтте қандай күйде болғанымды ешкімге де түсіндіріп бере алмаймын. Әйтеуір аңтарылып қалғаным, аңтарылған да бер жағы, мең-зең күйге түскенім ақиқат. Көз алдымнан ауылдағы рабочком Тоқбергенов кетпейді. Несін жасырайын, әлемдегі нөмірі бірінші алаяқ рабочком Тоқбергенов сияқты болып кетті, сол сәтте. Кейін өз-өзіме келгеннен кейін, шын сыншы Тоқбергеновтің тамаша лебізіне қаныққанннан кейін ғой, рабочкомның иненің жасуындай да кінәсі жоқтығына ақыл жеткізгеніміз. Айтқандай, рабочком Тоқбергенов бүгінгі күн аман-сау ортамызда жүр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының «Көксарай» ауылында тұрады. Зейнеткер. Жасы сексенге таяп қалды. Соңғы рет осыдан жеті-сегіз жыл бұрын көргенмін. Жарықтық, сол насат қалпы. Осы бір оқиғаны айтып бердім. Жәй ғана жымиды. Рабочком Төлеген Тоқбергенов сыншы Төлеген Тоқбергеновпен бір реті келгенде арнайы танысқан екен.

***

Әдебиеттің айналасында жүргендердің біразы мойындайды, Тоқбергенов сындағы ақын болатын. Ол сын жанрына келу арқылы «проза мен поэзия ғана оқылады» деген ұғымның тас-талқанын шығарды. Ол өмірдегі де, өнердегі де қысқа күндерінде әдебиеттің тазалығы үшін күресе білді. Бүгінгі мақсатымыз Төлеген Тоқбергеновтің шығармашылығын талдау емес, дегенмен, бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Әдебиетке түрлі себептермен сәл кештеу келген сыншының соңында «Тоғыз тарау», «Үш тоғыс», «Қос қағыс», «Ай мүйіз» деген төрт қана кітап қалды. Төртеуі де жеке-жеке талдауды қажет етеді. Әсіресе, «Үш тоғыстың» орны бөлек. Өкінішке қарай, біз Тоқбергеновті мүлде ұмытып кеттік. Қателесесіздер, оның ұмытылуы талантсыздығынан емес! Ұмытылып кетуіне бірден-бір себеп біздің қашанғы бойкүйездігіміз. Жазушылар Одағы деп аталатын киелі мекеменің соңғы ширек ғасырда түрлі себептермен адамның ақылы жетпестей дәрежеде рухани құлдырауы. Әйтпесе басқа-басқа, тура Тоқбергенов ұмытылуы тиіс емес еді!

***

Туасы, Тоқбергенов әдебиетке әдебиетке келмеуге амалы қалмағаннан кейін келген тұлға. Біз бұл әңгімені қызыл сөзді қыздырмалату үшін айтып отырғанымыз жоқ. Орайы солай болған соң айтып отырмыз...

Марқұмның өзінің айтуы бойынша оның кіндік қаны тамған жер – тарихы тоқсан тарау болып өрілетін атақты Отырартөбе. «Етектегі елді су ала бастаған соң әкем үйді тура төбенің басына апарып тігіпті. Үлкендердің үйді де тігіп болғаны сол, іңгәлап, мен өмірге келіппін» дегенін өз аузынан бірнеше мәрте естіген жайымыз бар. Түсінікті болу үшін айтсақ, Отырарда өмірге келіп тұрып, сөз дертімен ауырмау дегеніңіз Оңтүстік Америкада туылып, футболмен ауырмағанмен бірдей дүние.

Тоқберген қария бұл есін жияр-жимаста атажұрт – Созаққа көшеді. Тоқбергеновтің өскен жері – қазыналы Қаратау өлкесі. «Әзіреті Қаратау — әулиелердің кені еді» делінетін өлкеде өмір сүріп тұрып, өнерге, оның ішінде сөз өнеріне жақын болмау мүмкін бе?!

Бізді де ұрып өлтіретін ешкім жоқ, осы күндері бір өкініш маза бермейді. Тоқсаныншы жылдардың басында бір кісімен сұхбаттас болған едім. Аты-жөнін түртіп алу ол кезде ойға да келмепті. Бәлкім, сол кездегі есте сақтау қабілетімізге сенген шығармыз. Ақыры осылай болды, сол сұхбаттасымның аты-жөнін тіпті де еске түсіре алар емеспін. Тоқсаныншы жылдардың басында ол кісі қазіргі Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті ОҚО департаментінің, бұрынғы МҚК-нің емханасында бас дәрігер болып қызмет атқаратын. Шымкенттегі үйі қазіргі Абай саябағына қарама-қарсы беттегі жергілікті тұрғындар «Адресная бюро» деп атап кеткен ғимараттың үстіңгі қабаты еді. Өзі Созақтың тумасы. Төлеген Тоқбергеновтің бала кезгі досы, кластасы. Сол кісінің аты-жөні ұмытылғанымен, әңгімесі күн өткен сайын жаңғыра береді. Бәлкім танитындар табылып жатса бізге үн қосар.

Әлгі сұхбаттасым біз білетін Тоқбергенов туралы сондай бір риясыздықпен сыр шертіп еді-ау. Айтуынша, Тоқберген қария өз заманының үлкен ғұлама молдасы болған көрінеді. Ол замандардың молдалары қандай десеңізші, алды кітаби ақын болса, болмады дегендері қисса-жырларды таңды таңға ұрып айтып беруге шамасы келетін талант иелері болған ғой.

— Төкеңдердің үйі тола ескіше кітаптар болатын. Біз білетін кезде атаның көзі нашарлап қалған. Сондықтан әлгі кітаптарды Төлеген екеумізге кезек-кезек оқытатын. Сәскеден бастап оқимыз. Түсте мектепке кететін уақыт болады. «Өкіметтің сабағына бара қойыңдар. Сабақтан келген соң қай жерге келіп тоқтадыңдар, тура сол жерден жалғастырасыңдар» дейтін жарықтық. Біз жетіп тоқтаған бетімізді қайырып белгілеп жатсақ зекіп тастаушы еді. «Қайырма, кітаптың бетін, одан да қай жерге келгеніңді жаттап ал! Жарты күнде сол да есіңнен шыға ма?» деп кейігенде кәдімгідей ығып қалатынбыз. Сабақтан келген соң Төкеңнің үйінің қымыранын ішіп аламыз да қиссаны одан әрі жалғастырамыз. Қай бетке келгеніміз, әрине, ойын баласы біздің есімізден шығып қалады. Молда ата ренжіңкіреп отырып, өзі айтады. «Пәленінші парақтағы «Әулиеден әулие қыдырып» деген жерден бастап оқы!».

Төлеген сол кезде-ақ жазатын, оған еріп, мен де жазып жүрдім. Сөйтіп жүргенде мектеп бітіретін кез де болды. Қазір неге солай болғанын білмеймін, екеуміз де құжаттарымызды Алматы медицина институтына, бір факультетке тапсырдық. Бағымыз жанып екеуміз де түсіп кеттік. Алайда, түскені бар болсын, қандай қиналдық десеңізші! Екеуміз де ауылдан келгенбіз, бір ауыз орысша білмейміз. Ол жылдары мединститутта қазақ мұғалімдер өте сирек болатын. Атақты академик Сызгановтың өзінен дәріс тыңдадық. Біздің тобымызда қазіргі академик Мұхтар Әлиев те оқыды. Ол да ауылдың баласы, ол да орысша білмейді. Бірақ, сұмдық еңбекқор! Жуан-жуан кітаптарыңызды түгел жаттап алушы еді. Сондағы Сызгановтың айтатыны ғой, «Басқаларыңның кім болатындарыңды білмеймін, бірақ, мынау Әлиев анық министр болады!».

Ал, Төлеген намысқой болатын. Ол кезде сен туралы елде «Пәленшенің баласы оқи алмапты» деген сөз шықса, әке-шешең үшін дұрысы өле салған. Бірінші курсты әсіресе Төлеген өліп-талып, зорға бітірді. Екінші курс та оңайға соққан жоқ. Мұғалімдер Төлеген білмей қалса, түсіндірудің орнына орысшалап зекиді. Кейбір практикалық сабақтарды кәдімгі мәйітханаларда өтеміз. Сондай күндердің бірінде Төлеген досым әзірлігін тағы да бір пысықтап алу үшін мәйітханада қалып қояды. Бір-ақ өзі. Ертең – емтихан. Дайындала-дайындала шаршап, мәйітхананың ішінде ұйықтап қалған ғой. Емтиханға сол жерден келіп тұр. Реңнен рең қалмаған.

Екінші курстың екінші жартысында Тоқбергенов бәрімізді қуып жетті. Үшінші курста оның алдына түсетін жан сирек еді. Үшінші курсты бітірген соң «ал, досым, мені енді ешкім де мединститутты оқи алмады дей алмас. Екі жыл бойы «Тоқбергенов, Тоқбергенов» деп нұқи бергендерге қазақтың баласының қандай болатынын дәлелдедім ғой деп ойлаймын. Енді бұл шіркініңді одан әрі оқығым келмейді. Менің кәсібім емес сияқты» де-е-е-п тұр.

Қанша жалынғанда райынан қайтара алмадым. Райынан қайтпағаны да дұрыс болыпты, есесіне қандай сыншы болды! – деген еді әлгі біз атын ұмытып отырған аяулы ағамыз.

Ол ағамыз Тәкен Әлімқұловтың жайынан да көп тәкентанушылар біле бермейтін біраз оқиға айтып еді. Тәкен орыс жеңгейге Мәскеуде жұмыс істеп жүргенінде үйленіпті. «Жеңгей Одессадағы бір бай еврейдің жалғыз қызы болғанға ұқсайды. Өзі студент екен. Қазақ сырлы сөзінің шеберіне құлай ғашық болған ғой. Байлық дегенді қойсаңызшы, Мәскеуге Тәкен үшін таңертең ұшып келіп, кешке Одессаға ұшаққа қайта отырады екен. Кей кездері күнде, әйтпесе күнара.Тәкен Әлімқұлов кезекті еңбек демалысына шыққанда әлгі жеңгейді өзімен бірге туған елге ерте келеді. «Тәкен келді» деп елдің жаны қалмайды, әрине. Бір күн мына үй шақырады, келесі күн ана үй шақырады. Күнде қой сойылады. Ал, жеңгей аршыған жұмыртқадай әппақ-ау, әппақ! Сол аршыған жұмыртқадай әппақ жеңгеміз келгеніне бір апта толар-толмас күн сайын асылатын қазан-қазан еттен ұшынып, оңбай құлады. Тамаққа қарай алмайды. Ел «өлтіріп алмасақ жарар еді» деп әбден састы. Ол кезде қазіргідей ағылып жатқан көлік жоқ, соның өзінде Тәкеннің жары үшін ағайындар жазғы шілдеде күнде Шымкентке жүк көлігімен сапаршылап, Созаққа соның ішетін тамағын тасыды. Күндегісін күнде! Мәскеуге аузы-басын ұшық қаптап ұшқан жеңгей өзін шығарып салып тұрғандармен қоштасып тұрып, «басқа жерді ұмытсам да өмірі Созақты ұмытпайтын шығармын» депті. Кейінірек Бабатадағы біраз ағайын Мәскеуге бір барғандарында Тәкеннің үйіне сәлемдесіп кіріпті. Обалы нешік, әлгі жеңгей тура бір апта жібермей күтті дейді. Ресторанға барып, қазақша ет дайындаудың рецептісін әкеліпті.

Бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз, әңгіме Тоқбергенов туралы еді ғой. Әдебиетке әлгіндегідей азапты жолдардан өтіп келген адамның жаман әдебиетші болуы мүмкін бе?! Тәкен Әлімқұловтың бағына Төлеген Тоқбергенов туылып еді. Төлеген Тоқбергенов шығармашылығының бағын ашатын кім бар?

Т. Тоқбергенов тірі болса келесі жылы сексенге толар еді. Марқұмның елу жылдығы да өз дәрежесінде аталып өтілмеді. Ол кезде өзі тірі еді, жарайды, мінезінен тапқан шығар, алпыс жылдығы да, жетпіс жылдығы да атаусыз қалды. Біздің бүгінгі мақала «Шабан үйрек бұрын ұшадының» кері.

...Бірімен бірі бәсекелесіп, өлуге бар ағайын, бір мезгіл кешегі әріптестеріңіз туралы да ойланып қойсаңыздар қалай болады?! Кеше ғана араларыңызда жүрген Төкең емес пе еді?! Мойындаңызшы, білімі де, таланты да Сізден асып түспесе кем емес еді ғой. Тым ұмытшақ болмайық та.

Абай БАЛАЖАН,
«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары