"Осындай қуанышты сәттер әр шаңыраққа нәсіп болсын".
Жұлдызды жұп Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекова болашақ келініне арнайы ән арнағанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әнші Жазира Байырбекова бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, жаңа клиптің үзіндісін жариялады.
Оның айтуынша, бейнебаян Жандос Қаржаубайдың «Бауырсағы балдай қыз» әніне түсірілген. Әннің сөзін Бақыт Қалибек жазған.
«Жаңа жылдың алғашқы күнінде болашақ келініме арналған ерекше бейнебаянмен бөлісіп отырмын. Бұл — келінге деген аналық мейірімді, отбасының берекесін жеткізетін туынды. Осындай қуанышты сәттер әр шаңыраққа нәсіп болсын», — деп жазды әнші.
Сонымен қатар клипте Сәкен Майғазиевтің жұбайы Динара және келіні де түскен.
Желі қолданушылары жұлдызды отбасыға ақ тілектерін жаудырып, жылы пікірлерін қалдыруда.