Сонымен қатар ол шығармашылық жолында қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді.
Танымал әнші Ақбота Керімбекова мемлекеттік марапатқа ие болғанын айтып, әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды желідегі парақшасына сілтеме жасаған Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында Президент жарлығымен “Парасат” орденімен марапатталғанын жеткізді.
“Өнімнің, өнерімнің жанашырлары! Тыңдармандарым! Бүгін мені ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева “Мәдениет және өнер қызметкерлері” күніне арналған салтанатты жиында ҚР Президентінің Жарлығымен берілген “Парасат” орденімен наградтады. Бұл – әрине, мен үшін үлкен қуаныш! Өнерде жүрген 30 жылға жуық уақытымда бір де бір мемлекеттік награда алмағаным көп адамды таңқалдыратын. Оған ең әуелі өзімнің ынтамның, одан соң, талпынысымның болмағаны, ешқашан атақ алу үшін еңбек етпеуім себеп еді. Бірақ, халықтың ықыласы, бағасы өнер адамын мерей-мертебесіз қалдырмайды екен. Бүгін бұйырды. Сол үшін бұл марапат менің емес, тыңдармандарымның марапаты деп есептеймін”, – деп жазды әнші.
Сонымен қатар ол шығармашылық жолында қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді.
“Өнерге қадам басқан жылдарымнан бері маған кәсіби білім берген, тәжірибемді қалыптастырған ұстаздарымның, шығармашылық ұжымдардың, жақсы әндерін ұсынған авторларымның, біздің шығармашылығымызды насихаттаған өнер жанашырларының, әкем мен анамның да марапаты – бұл! Рақмет, ризамын! Мәдениет саласында еңбек етіп жүрген әрбір еңбеккердің қадамын бақылап, бағалап отыратын Президентімізге, өнердің барлық саласына жанашыр министрімізге зор алғыс! Тарихы терең, тағылымы мол ұжымым – Роза Бағланова атындағы “Қазақконцерт” МКҰ-на, басшымыз Ақан Жылқышыбайұлына көп рақмет!”, – деді Ақбота Керімбекова.
Әнші алдағы уақытта да халықпен кездесулерін жалғастыратынын айтты.
“Ал, мен тағы да әнсапарға шығып барамын. Министрліктің қолдауымен, “Қазақконцерттің” бастамасымен жүзеге асқан халықтық думан – “Халық әуені” шығармашылық керуенімен бірге Маңғыстау жұртымен кездесемін. Ақ жол болсын!”, – деп түйіндеді ол.