$ 444.4 € 488.97 ₽ 5.39

«Бізде той болған жоқ, вокзалда да түнедік»: ​​​​​​​Азамат Сатыбалды мен Назгүл Қарабалина жастық шақты еске алды (ВИДЕО)

Ал Азамат Сатыбалды сол кездегі жұбайының өзіне деген сенімі өмірін өзгертуге үлкен мотивация бергенін жеткізді.

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Танымал актер Азамат Сатыбалды мен жұбайы Назгүл Қарабалина отбасылық өмірінің алғашқы жылдарында бастан өткерген қиындықтары туралы айтты. Өнер иелері шаңырақ көтерген кезде той жасауға да, баспана жалдауға да жағдайлары болмағанын еске алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Назгүл Қарабалинаның айтуынша, ол тұрмысы жақсы отбасында өскеніне қарамастан, сүйген адамымен бірге барлық қиындықты еңсеруге дайын болған.

«Бізде той болған жоқ. Азамат сол кезде той жасайтын жағдайы жоқ екенін айтты. Отбасында да қиын жағдай болды. Мен тойдың қажеті жоқ екенін айттым. Содан кейін өмірдің барлық қиындығын бірге өткердік. Мен тұрмысы жақсы отбасында өскен қызбын. Жоқшылық көріп өскен адам емеспін», – деді Назгүл Қарабалина.

Ал Азамат Сатыбалды сол кездегі жұбайының өзіне деген сенімі өмірін өзгертуге үлкен мотивация бергенін жеткізді.

«Мен ұялатынмын. Назгүлге: "Маған екі ай уақыт берші, аяғымнан тұрып алайын. Содан кейін жатақханадан орын аламыз", – дейтінмін. Ал ол: "Азамат, жоқ, мен ешқайда бармаймын. Сен қайда болсаң, мен де сол жерде боламын. Жертөле болса – жертөле, театр болса – театр", – деді. Бір рет екеуіміз вокзалға да түнедік», – деп еске алды актер.

Өнер иесінің айтуынша, жұбайының осындай қолдауы мен сенімі оны аянбай еңбек етуге жігерлендірген.

«Сол сенімнен кейін менде мотивация пайда болды. Аянбай еңбек етіп, оның жағдайын жасауым керек деп ойладым. Аллаға шүкір, қазір қалаған көлігін мініп, қалаған жеріне барып жүр», – деді Азамат Сатыбалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Ашулы 0