2017 жылдың 9 шілдесі қазақстандық опера өнері үшін тарихи күн ретінде есте қалмақ. Өнерді бағалайтын өресі биік тыңдарман опера жұлдыздарымен кездесіп, классикалық әдемі кештің куәсі болды. Халық әсем ән тыңдап, опера әншілерінің құнды мұрасы жинақталған «Қазақ операсының аңыздары» антологиямен танысты. Тұсаукесер концерт «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында өтті.
Классикалық опера өнері кез-келген мемлекеттің мәдени-рухани өмірінің күре тамыры десек болады. Қазақстандық опера сахнасында ұлт мақтанышына айналған, келер ұрпаққа үлгі болған тұлғалар аз емес. Олардың аты тарихта алтын әріптермен жазылды. Бұл жобаның басты ерекшелігі – опера тарихында ойып тұрып орын алатын тұлғалар туралы архивтерден алынған құнды деректер, фотосуреттер мен олардың дауысы жазылған видеоматериалдар сандық технологияға көшіріліп, CD, DVD дисктерге жинақталды. Атап айтқанда Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Ришат Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Әлібек Дінішовтердің шығармашылық мұраларына арналып жеке-жеке буклеттер дайындалды. Яғни, бір ғана антологиялық жинақта жеті бірдей қазақстандық опера өнерінің шеберлері, КСРО Халық артистерінің өмір-дерегі, шығармашылығы қамтылды. Жан-жақта шашылып жүрген құнды дүниелер жинақталды. Антология опера әншілерінің әндері жазылған 7 аудиодисктен (әр орындаушыға бір дисктен) және олардың концерттік, өзге де видеолары бар 7 DVD-диск пен буклеттен тұрады.
Антология тұсаукесерімен бірге көрнекті әншілердің қатысуымен концерт өтті. Оған Кеңес Одағының халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Әлфия Каримова, Талғат Мұсабаев, Тамара Асар, Андрей Трегубенко, Жұпар Ғабдуллина, хХалықаралық конкурстардың лауреаты – Рустам Сүлейманов, Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі мен оның көркемдік жетекшісі – Берік Батырханұлы, дирижеры Ерболат Ахмедьяровтар қатысты.
Жобаны ұйымдастырушы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Мирас» қоғамдық ұлттық мәдени қоры» Қоғамдық қоры. Ақпараттық демеуші – KAZAKH TV және СТВ телеарналары. Жоба авторы – КСРО Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова.
«Осындай үлкен жобаны жасағанымызға қуаныштымыз. Күләш Байсеитовадан бастап Роза Жамановалар, Ришат Абдуллиндер опера өнерінің дамуына үлес қосып, соның алғашқы баспалдағын қалады. Қазақты әлемге танытты. Бүгінгі жоба сол өнер адамдарының туындыларын бір жерге жинақтап, энциклопедиялық диск шығарумен ерекшеленіп отыр. Барша өнер сүйер қауым мен өзімнің атымнан осы жобаның бастамашысы болған Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға жанқиярлық еңбегі мен өнердегі қызметі үшін шексіз алғыс білдіремін!», - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.
Әрине, жобаның негізгі мақсаты опера әншілерінің шығармашылығын түгендеп, жас ұрпаққа классикалық музыканы насихаттау. Тарихи миссиясы да бір бөлек.
«Мұндай жоба елімізде бірінші рет жасалып отыр. Бұған дейін опера әншілерінің барлығының бірдей шығармашылығы мен суреттері, әндері бір антологияға жинақталған емес. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бар. Сол себепті осы кем-кетіктің орнын толтырғымыз келді», - дейді КСРО Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова.
Жобаның халықаралық маңызы да жоғары. «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі шеңберінде ұйымдастырылған «Қазақ операсының аңыздары» жобасы тәуелсіз Қазақстанды әлемдік деңгейде өзгелерге танытудың төте жолы болғаны сөзсіз.