«Әзіл әлемі» театрының актері Ерболат Төлеген Шалқар ауданында өтіп жатқан «Шұғыла Шалқарым» жерлестер форумының ұйымдастырушылары мен сол жерге барған әншілерге ренішін білдірді. Айтуынша, концерт бейіттің дәл жанында өтіп жатыр.
Сонымен қатар, актер «жерлестер форумы» деп аталатын дүбірлі тойда өзінің бірде-бір жерлесінің бармағанын жеткізді. Бұл концерттік шараның бейіт жанында ұйымдастырылуына ауыл тұрғындары да қарсы болған екен.
«Құрметті жерлестер, той құтты болсын! Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүбірлі той болып жатыр дейді, тойларыңыз тойға ұлассын, әкімшіліктегі ағалар... Жерлестер форумы деген аты болмаса, бірде-бір жерлесті көріп тұрғаным жоқ. Ол аздай, гала-концерт Шалқарда бейіттің қасында өтіп жатыр дейді. Бұл не сұмдық? Әкімшілік пен ұйымдастырушылар тарапы қайда қарап отыр? Мен мұны неге айтып отырмын, естуімше тұрғындар наразылық танытуда. Сол жерде туылып, өсіп-өнген мен де (қазір Алматыда тұрсам да) қарсымын. Себебі сол қорымда менің атам, әжем және әкем жатыр. Шалқар үшін тер төккен қаншама ата-бабаларымыз жерленген. Марқұмдардың жатқан жерлері жайлы болсын», – деп жазады актер өз Instagram-парақшасында.
Айта кетсек, осы уақытта Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында жерлестер форумы болып жатыр. Аталмыш шараға Роза Рымбаева, Айгүл Елшібаева, «МУЗарт» тобы, Қайрат Нұртас секілді танымал әншілерді шақырған.