Белгілі тележүргізуші Бибігүл Дәулетбекқызы режиссер Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» фильмі болмаса, Баян Алагөзованы бүгінде ешкім танымайтынын айтты. Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасына жазды.
«Бүгін Facebook-те қолым тигенде жаңалықтарды оқып отырып, ыршып түстім. Сол баяғы Баян! Иә, Баян - бұрынғы Есентаева, қазіргі Алагөзова әпкеміз Талғат Теменовтің кезінде халықтың өліп-өшіп жақсы көрген «Махаббат бекетінің» 2-бөлімін түсіріп жатыр екен. Тағы келіп рұқсатын алмаған көрінеді. Ол ол ма, кейіпкерлердің аты Гүлназ бен Орал. Мәссаған, безгелдек! Талғат ағамыз шырылдап: «Бұл менің жазған «Гүлназ» деген повестім ғой. Ал, «Махаббат бекеті» менің авторлық фильмім. Идеясына дейін көшіріп алғаны былай тұрсын, әуенін де алған» деп қынжыла айтады. Ал, оған Баян әпкеміз беті бүлк етпей: «Мәдениет министрінен рұқсат алдым» деп қояды. Facebook-те Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы отырады. Сол пәтшағарды менің парақшама белгілеп, шақырып жіберіңіздерші. Қоятын бірнеше сұрағым бар», – деп жазды тележүргізуші.
Сондай-ақ, Бибігүл Дәулетбекқызы Баян Алагөзоваға да жауап қайтарды. Оның небір қателіктерін көрермен сол «Махаббат бекеті» фильміне түскені үшін ғана кешіріммен қарап келе жатқанын есіне салды.
«Егер Талғат Теменов болмаса, Баянды бүгін Қазақ халқы танымас еді. Баянды Баян еткен - Гүлназ. Ал «Гүлназды» повесть етіп жазып, фильмнің идеясына дейін ойлап шығарған – Талғат Теменов. Миллиондаған көрермен сол фильм үшін де Баянның небір хикаяларын кешіріп келеді.
Ал, идея ұрлаған адамды өмірде жек көремін. Қарсымын! Сондықтан да, бұл жолы Талғат ағамыз жағындамын», – дейді тележүргізуші.
Айта кетсек, режиссер Талғат Теменов өзінің «Махаббат бекеті» фильмінің жалғасын түсіріп жатқан Баян Алагөзоваға «авторлық құқығымды ұрлады» деп шүйліккен болатын. Алайда, продюсер «Махаббат бекеті» емес, мүлдем басқа фильм түсіріп жатқанын алға тартқан еді. Десек те, фильмдегі музыка, ондағы кейіпкерлер қайталанған.